Мәжіліс жасанды интеллект туралы заң жобасын қарайды
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жалпы отырыста депутаттарға «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қарау ұсынылады. Мәжіліс депутаттары бастама көтерген құжаттар жасанды интеллект технологияларын қолдануға бірыңғай құқықтық негіз құруға бағытталған. Олар тұтынушылардың және дербес деректердің құқықтарын қорғауды қарастырады, сондай-ақ жасанды интеллектіні қолдануға байланысты құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілейді. Заңның қабылдануы Мемлекет басшысының Жолдауын іс жүзінде жүзеге асырудағы маңызды қадам болмақ.
Сонымен қатар депутаттардың талқылауына Қазақстан мен Марокко арасындағы ұстап беру, сотталған адамдарды беру және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімдер енгізілді. Келісімдер екі мемлекеттің құзырлы органдарының экстрадиция, сот үкімдерін орындау және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы ынтымақтастығын дамытуға бағытталған.
Жалпы отырыста қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау халықаралық орталығын құру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қарау ұсынылады. Орталық халықаралық ақпараттық жүйе ретінде жұмыс істейді, ол ТМД елдерінің қаржылық барлау бөлімшелерін анықталған қауіп-қатерлерге уақтылы әрекет ету үшін біріктіреді. Сондай-ақ елдерге трансшекаралық тәуекелдерді талдауға, статистикалық деректермен алмасуға, оларды төмендету бойынша ұсынымдар әзірлеуге және ФАТФ халықаралық стандарттарына сәйкес тәсілдерді үйлестіруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жалпы отырыс барысында Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа алады. Олар: Конституциялық Сот шешімдерін орындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, Қылмыстық-процестік кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне толықтырулар енгізу, сондай-ақ Қазақстан мен Моңғолия үкіметтері арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бар.