Мәжіліс

МӘМС жүйесі: Елімізде медициналық көмектің бірыңғай пакеті құрылатын болды

Мәжіліс депутаттары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Олардың қатарында көрсетілетін қызмет түрлерін ажырата отырып, медициналық көмектің бірыңғай пакетін құру да бар, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мәжілістің Telegram-дағы арнасының хабарлауынша, жоба міндетті медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Заң жобасында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін ажырата отырып, медициналық көмектің бірыңғай пакетін құру ұсынылады. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігіне Денсаулықты қорғау мемлекеттік қоры (жедел, шұғыл, паллиативтік көмек, жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу) аясында медициналық көмек көрсетілетін аурулардың тізбесін анықтау өкілеттігі беріледі.

Сондай-ақ үкімет алғашқы медициналық-санитарлық көмек аясындағы қызметтерді медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетінен міндетті медициналық сақтандыру пакетіне ауыстыруды ұсынып отыр. Мысалы, мамандарды қабылдау, медициналық оңалту, профилактикалық тексерулер, иммундау, репродуктивті денсаулықты қорғау шаралары міндетті медициналық сақтандыру аясында қамтамасыз етіледі.

Бұл тәсілді депутаттық корпус қолдамады.

Осыған орай депутаттар медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетінде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің негізгі тізбесін: әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеу қызметтерін сақтауды ұсынды. Яғни, туберкулез, АИТВ, қатерлі ісік, созылмалы вирусты гепатит, бауыр циррозы, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, жедел миокард инфарктісі (алғашқы алты ай ішінде), инсульт (бір жыл ішінде), аутоиммундық аурулар, эпилепсия және басқа да аурулармен ауыратын адамдарға тегін медициналық көмектің толық спектрін алуға кепілдік беріледі.

Сонымен қатар депутаттардың бастамасымен азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакеті аясында бастапқы емдеу кезіндегі негізгі медициналық көмек те сақталады. Яғни, емханаға келген әрбір азаматқа дәрігердің алғашқы кеңесі беріледі деген сөз.

Сондай-ақ заң жобасы сақтандырылмаған халықты міндетті медициналық сақтандыру жүйесімен қамтуға бағытталған. Осы мақсатта «Д» және «Е» санаттарына жататын жұмыссыздар мен жұмыс істемейтін тұлғаларға (әлеуметтік қамсыздандырудың дағдарыс және төтенше деңгейлері) аударымдарды жергілікті бюджеттен төлеу ұсынылады.

Бұған қоса заң жобасын әзірлеушілер МӘМС жүйесіне жарналар мен аударымдар төлейтін қызметкерлер табысының жоғарғы шегін 10-нан 50 ЕТЖ-ға (ең төменгі жалақы мөлшері) дейін ұлғайтуды ұсынып отыр. Алайда еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту үшін депутаттар табыстың жоғарғы шегін қызметкерлер үшін 20 ең төменгі жалақы, ал жұмыс берушілер үшін 40 ең төменгі жалақы көлемінде белгілеуді ұсынды.

Сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне республикалық бюджеттен түсетін мемлекеттік жарналарды кезең-кезеңімен ұлғайту көзделіп отыр.