«Халыққа жасалған қиянат»: Ринат Заитов Бас прокурорға сауал жолдады
Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Ринат Заитов ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, елдегі кибералаяқтықтың өршуіне назар аудартты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
ДЕПУТАТТЫҢ ПІКІРІ
Депутаттың айтуынша, банктер өз клиенттерін қорғауға емес, керісінше, оларды кінәлі етіп шығаруға тырысады. Күн сайын мыңдаған азамат интернет алаяқтардың құрбанына айналып, жеке шоттарынан айырылып, атына несие рәсімделіп жатқанын айтты. Алайда, мемлекет те, банктер де бұған жауапкершілік алуға асығар емес.
«Алаяққа жем болып, банкке сақтаған ақшасынан айрылып, мойнына жоқ жерден несие жүктеліп, жығылған жандарға жұдырық болып банктер олардың шоттарын да бұғаттайды. Бұл – халыққа жасалған орынсыз қиянат!» – деді депутат.
ЗАИТОВТЫҢ ҰСЫНЫСЫ
Депутат Заитов банктердің жауапкершілігін арттыруды ұсынды.
Атап айтқанда:
- Кибералаяқтардың құрбаны болған азаматтардың шоттарын бұғаттамау;
- Банктерді клиенттердің шотынан жоғалған қаражаттың орнын толтыруға міндеттеуді ұсынды.
Бұл бастамалар халықты алаяқтардың қылмыстарынан ғана емес, банктердің немқұрайлылығынан да қорғау үшін қажет.