ЕАЭО елдерінде «электронды сауда тауарлары» түсінігі енгізіледі
Мәжіліс 2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 12 желтоқсандағы Жарлығымен Сыртқы электронды сауданы реттеу туралы хаттамаға қол қойылды.
Өзгерістер тауарларды сыртқы сауда алаңдарында сатып алу тәртібіне әсер етеді. Атап айтқанда, халықаралық пошта жөнелтілімдерінде шетелдік интернет-алаңдардан үшінші елдерден жеке тұлғалардың атына жіберілетін тауарлар электронды сауда тауарлары деп аталатын жекелеген санатқа бөлінеді. Бүгінде шетелдік интернет-алаңдарда сатып алынатын тауарлар жеке пайдалануға арналған тауарларға жатады.
Сонымен қатар кедендік реттеу саласындағы жаңа құқықтық институт пен қызмет түрі – электронды сауда операторын құру ұсынылады. Ол интернет-алаңдарда жеке тұлғалар сатып алатын тауар операциялары логистикасын, интернет-алаңдарымен және кеден органдарымен өзара іс-қимыл жасауды, кедендік декларациялау мен электронды сауда тауарларын сақтау процестерін қамтамасыз етеді.