Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы визалық режим мәселесі кеңейтіле ме – Серік Ерубаев
Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан мен Түрікменстан үкіметтері арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісім талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Депутаттар мәселеге қатысты сауалдарын қойды.
«Визалық режим шетелдік инвесторлар үшін қолайлы әрі болжамды орта қалыптастырып, құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз етеді. Инвестициялық климатқа деген сенімді нығайтады. Бұл елдің ашықтыққа, капиталды қорғауға және тұрақты халықаралық экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталғанын көрсетеді. ҚР азаматтары үшін Түркменстан визалы ел болып табылады. Осыған дейін Атырау және Маңғыстау облысында тұрақты тұратын Қазақстан азаматтары үшін Түрікменстанға тек 5 тәулікке визасыз кіруге, сол елде болуға және шығуға рұқсат етілген. Осы елдердің арасында визалық режимді кеңейту мәселесі қаралып жатыр ма?» - деп сұрақ қойды депутат.
Бұл сауалға сыртқы істер вице-министрі Әлібек Қуантыров жауап берді.
«Қазақстан мен Түрікменстан үкіметтері арасындағы 2001 жылғы «Азаматтардың өзара сапарлары туралы» келісімі негізінде Атырау және Маңғыстау облыстарында тұрақты тұратын Қазақстан азаматтары Түрікменстан Республикасының Балқан велаятына виза ресімдемей-ақ, бес тәуліктен аспайтын мерзімге қала алатын. Ал 2016 жылдан бастап Түркменстан тарапынан бұл мүмкіндік жабылды. Сол себептермен Сыртқы істер министрлігіне жыл сайын тиісті арыздар келіп жатыр. Президенттің Түрікменстанға сапары барысында бұл мәселе шешіліп, біз тиісті өзгерістерді дайындадық. Жақында Астанада тиісті консульдік консультациялар өтті. Қазіргі таңда біз Түркменстан тарапынан ұсыныстарды күтіп жатырмыз. Олар құзырлы мекемелермен осы мәселені пысықтап жатыр. Мәселе біздің бақылауымызда», - деді вице-министр.