Мәжіліс

Қағаз кетеді, цифрлық форматтар стандартқа айналады – Мәжіліс депутаты

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында арихв ісін дамытуға қатысты заң жобасын талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Елнұр Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйледі.

«Заң жобасында салада жылдар бойы қордаланған түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар негізгі нормалар қарастырылған: Бірінші. Электрондық архивтермен жұмыс істеу бойынша құқықтық база кеңейтілуде. Бұл – цифрландыру жағдайындағы қисынды қадам деп білемін. Бұл ретте, біз мынаны түсінуіміз керек: қағаз кетеді, цифрлық форматтар стандартқа айналады. Электрондық архивтер мәселесін Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың төртінші отырысында көтерген болатын. Президент тарихи жадымызды сақтау және азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мақсатында заманауи цифрлық архивтерді құру мен енгізуді жеделдету жөнінде нақты міндет қойды», - деді депутат.

 «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі пайдалануға енгізіледі.

«Бүгінгі күнге дейін бізде мемлекеттік құжаттарды сақтаудың бірыңғай цифрлық жүйесі болған жоқ. Архивтер аймақтар бойынша шашыраңқы, ақпаратқа қолжетімділік шектеулі болды. Сондықтан бұл бастама осы мәселені шешеді.Үшінші. Өздеріңіз жақсы білесіздер, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында мәдениет, архив және кітапхана қызметкерлерінің жалақысын арттыру басым міндеттердің бірі болып белгіленген», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Осыған байланысты, заң жобасында жергілікті атқарушы органдардың рөлін күшейтуге бағытталған нормалар көзделген. Енді олар ауылдық жерлердегі архив саласы мамандарының лауазымдарының тізімін анықтай алады. Сол бойынша жалақыға қосымша ақы төленеді.

«Төртінші. Заң жобасы сызбаларды, тәжірибелік-конструкторлық және қала құрылысы сияқты құжаттарды сақтау және пайдалану тәртібін де реттейді. Бесінші. Архивтерде қамтылған дербес деректерді қорғау жөніндегі норма енгізіледі. Бұл әсіресе ашық базалар қолданылатын және ақпараттың сыртқа шығып кетуі жиі орын алатын қазіргі кезеңде тіпті өзекті. Құрметті әріптестер, сондай-ақ депутаттар республикалық мемлекеттік архивтерге «ұлттық» мәртебе беру жөніндегі маңызды түзетулерді бастамашылық етті. Аталған норма архивтердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, олардың абыройы мен тарихи-мәдени мұраны сақтау жүйесіндегі маңыздылығын арттырады», - деді халық қалаулысы.

Депутаттың айтуынша, архивтер ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалғаны белгілі. Бұл ретте, әлемдік тәжірибелерден оқшау қалмай бір трендте жүру қажеттігін түсінген жөн.

«Мысалы, Эстонияда бүкіл архив жүйесі толығымен цифрланған. Әрбір құжат онлайн режимде қолжетімді. Оңтүстік Кореяда архивтер мәртебесі бойынша тиісті қаржыландыруымен ғылыми мекемелерге теңестірілген. Қазақстанда да осындай қадам жасалып отыр. Біз артта қалмай, қазіргі заманғы стандарттарға сай әрекет етеміз. Бұл орайда сонымен бірге осы заң жобасының аясында жылдар бойы қордаланған өз мәселелерімізді де шешіп аламыз.Заң жобасы мүдделі министрліктер, қоғамдық бірлестіктер мен сарапшылардың қатысуымен жұмыс тобының отырыстарында, Комитеттің кеңейтілген отырысында жан-жақты талқыланды.Мәжілістің барлық комитеттері оң қорытындыларын берді.Жоғарыда айтылғандардың негізінде заң жобасын бірінші оқылымда қолдауларыңызды сұраймын», - деді Мәжіліс депутаты.