Жетісу облысында жүзге жуық азаматтың еңбек құқығы қалпына келтірілді
Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда, бұл бағыт қадағалау қызметінің басым міндеттерінің бірі болып табылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еңбек кодексінде еңбеккерлерге жыл сайынғы скринингтік зерттеулерден өту үшін әлеуметтік демалыс берілуі тиіс деп белгіленген.
Қаратал ауданындағы медициналық мекемелермен салыстыру жасап, соңғы 2 жылда 90-нан астам жұмысшы мұндай тексеруден өтпегені және жұмыс берушінің оларға әлеуметтік демалыс бермегені белгілі болды.
Сонымен қатар жұмыс беруші қызметкерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті, бірақ 70 қызметкердің сақтандыру шарты болмаған, - делінген Жетісу облысының прокуратурасының хабарламасында.
Қаратал аудандық прокуратурасының қадағалау актісімен азаматтардың құқықтары қалпына келтіріліп, 3 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.