Еңбек адамы

Жұмысшы мамандығының беделін арттыру: негізгі шаралар мен бағыттар

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова еліміздегі жұмысшы мамандығының беделін арттыруға бағытталған шаралар туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент бастамасымен қолға алынған Жұмысшы мамандықтары жылын іске асырудағы басты қадамдардың бірі жаңа кәсіптердің өңірлік атластарын құру болды. Олар қазірдің өзінде тоғыз аймақтың жұмыс берушілерімен бірлесіп әзірленген, болашақта қандай мамандықтарға сұраныс болатынын анықтауға көмектеседі. 

Қарағанды және Маңғыстау облыстарының әкімдері ауыл шаруашылығындағы дрондарды басқару және цифрлық технологиялар сияқты жоғары технологиялық салалар үшін кадр даярлау жоспарын ұсынып үлгерді.

 «Біз жастарға қазір экономикамызға қажет жұмысшы мамандықтарының мүлдем жаңа деңгейі болатынын көрсетуіміз керек», - деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Әр аймақта 18 жоғары оқу орны, 20 колледж және бірқатар кәсіпорынды қамтитын Құзіреттер орталығы жұмыс істейді. Қазірдің өзінде 10 колледж халықаралық оқыту стандарттарын енгізіп, тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де жұмыс істеу үшін сертификатталған мамандар даярлай алады. 

Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде мектептердегі кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасы толығымен қайта қаралады. 7-11 сынып аралығындағы 100 мыңнан астам оқушы өз өңірлерінде сұранысқа ие мамандықтар көрсетілген арнайы курстан өтті. 91 ЖОО-да 900-ге жуық оқу бағдарламасы жаңартылды, 510-ы әзірленді. 

 Жұмыс берушілер білім беру бағдарламаларын әзірлеуге белсенді қатысып, студенттерге практикалық дағдылар ұсына отырып, білікті кадрлар қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. 
 

Сондай-ақ вице-премьер энергетика саласында жыл сайын өндіріс қызметкерлері жалақысын 15%-ға арттыру жоспарланып отырғанын мысалға келтірді, бұл да жұмысшы мамандықтарының тартымдылығын арттыруға септігін тигізеді.

«Егер құзіреттілік арта түссе, осы мамандықтарға қажеттілік туындап әрі біз оларды оқытатын болсақ, жалақы деңгейі де соған сай болады», -деп түйіндеді вице-премьер.