Жұмысшы мамандықтар жылы: Елордалық колледжде болашақ флористер даярланады
Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіби-техникалық білім беруге және жұмысшы кадрлар даярлауға ерекше мән беріліп отыр. Мәселен Астана қаласындағы Сервис және туризм колледжі сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды оқытып келеді. Солардың бірі – флористика мамандығы. Бұл мамандық тек гүлдермен жұмыс істеу ғана емес, сонымен қатар шығармашылық, эстетика және сервис саласындағы білім мен дағдыны қажет етеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Флорист – адамдардың көңілкүйіне әсер ете алатын, сұлулықты сезініп, оны өзгелерге ұсына білетін маман. Бұл мамандықты таңдаған студенттер түрлі гүлдерді күтіп-баптауды және гүл шоқтарын жасауды үйренеді.
Колледжде арнайы «Флористика»,«Ландшафт дизайны», «Оранжерия», «Гидропоника» зертханалары бар. Оқу барысында студенттер «Сарыгүл», «Арыстан ауыз гүлі», «Қызылгүл», «Әйел бақыты» сияқты т.б. түрлі гүлдерді отырғызады.
Колледж директоры Салтанат Басығараеваның сөзінше, жаңа оқу жылына бұл мамандық бойынша 25 студентті қабылдау жоспарланып отыр.
«Флористика мамандығы бойынша алғашқы студенттер 2024 жылы қабылданып, бүгінде 10 студент білім алып жатыр. Жаңа оқу жылына 25 студент қабылдау жоспарланып отыр. Оның ішінде 10 студент ерекше білім беруді қажет етеді. Болашақ флористер 2 жыл 10 ай бойы колледж базасындағы зертханаларда және біздің әлеуметтік серіктестер қолдауымен тәжірибеден өтеді. Бұл мамандықты таңдаған талапкерлердің биология, математика және оқыту тіліне байланысты қазақ және орыс тілінің орташа бағасы есептеледі. Сонымен қатар сұхбаттасу жүргізіледі. Біз 9-сыныпты бітірген талапкерлерді қабылдаймыз және олар оқуға түскен жағдайда мемлекеттік грант есебінен білім алады»,- дейді Салтанат Басығараева.
Оқу ордасында ландшафтық дизайн, орман шаруашылығы мамандықтары да оқытылады. Жалпы бүгінде бұл мамандықтар бойынша 60 студент білім алып жатыр.
Флористика мамандығына үйрететін арнайы білікті оқытушылар бар. Олар Ресейдің Татарстан аймағында "Флористика" мамандығы бойынша халықаралық тағылымдамадан өткен. Жас мамандарға шетелдік Flower Circus компаниясы шеберлік сабағын өткізіп тұрады. Одан бөлек колледж Romantic гүлдер орталығы, «ҚазФлор» гүл дүкенімен және орман шаруашылығы мамандығы бойынша «Астана-Зеленстрой», «Жасыл аймақ» сияқты компаниялармен тығыз жұмыс істейді.
Колледж директорының сөзінше, студенттер түрлі жобаға белсенді атсалысады.
«Бізде «Қалдықтарға өмір сыйлау» жобасы бар. Онда студенттер түрлі қалдықтарды біріктіріп, екінші рет пайдалануға болатын заттарды әсемдеп жасайды. Мысалы кептірілген гүлдерден безендірілген портреттер, сувенир мен құмыралар жасайды. Бұл мамандық шығармашылық қабілетті қажет етеді. Мамандықты меңгеру барысында түрлі эксперименттер жасалады. Мысалы гүлдердің тұқымдарын біріктіріп, нәтижесінде басқаша гүл өсіріп жатады. Шеберханаларда өсірілген гүлдерді абаттандыру кезеңі басталғанда колледж аумағына отырғызамыз. Олар әрі қарай өсіп, аумақты безендіріп тұрады. Жалпы біз көпжылдық тұқымды гүлдерге басымдық беріп отырмыз», - дейді Салтанат Басығараева.
Биыл колледж түлегі Ержан Балтабай EuroSkills Herning 2025 байқауының іріктеу кезеңінде жеңіске жеткен.
«Бүгінде ол серіктесіміз Romantic гүлдер орталығы базасында қыркүйек айында Данияда өтетін байқауға дайындалып жатыр. Ол жаттығу лагерінде өз білімін шыңдап жатыр. Теория бойынша гүлдердің атауы мен шығу тарихы туралы және оларды жасау техникасын меңгеруде. Сонымен қатар түстердің үйлесімділігін сақтай отырып әдемі гүл шоқтарын жасауды үйреніп жатыр. Бұл жерде жылдам жұмыс істеуге да назар аударылады», - деп түсіндірді оқу ордасының басшысы.
Сонымен қатар колледж аумағында жылыжай орналасқан. Онда орман шаруашылығы бойынша білім алатын студенттер көкөністер мен жидектерді күтіп баптайды.
«Бақшадан - дастарханға» жобасы аясында жылыжайда Қызылорда өңірінде кеңінен таралған «Әміре» қауыны өсіріліп жатыр. Оның салмағы 15 келіге дейін жетеді.
Орман шаруашылығы мамандығы бойынша арнайы пәндер оқытушысы Тоты Ермаханованың сөзінше, негізінен бұл қауын түрі ашық алқапта өседі.
«Бүгінде бұл қауын өңірлік бренд ретінде тіркеліп, қазақ халқының дәстүрлі ауылшаруашылық мәдениетінің бір бөлігіне айналды. Ол жылыжай жағдайында да жақсы пісіп келеді. Одан бөлек бұл жерде қияр, қызанақ, аскөк, ақжелкен, райхан, жалбыз, сәбіз, қызылша өсіріп жатырмыз. Одан бөлек, құлпынай, қарақат пен таңқурай жидектері бар. Студенттер осы жерде тәжірибеден өтеді. Көкөністерді егіп, оларға күтім жасайды. Егу жұмыстарын ақпан айынан бастаймыз. Олар піскен соң, жинап алып, кейде екінші рет отырғызып күзге дейін тағы өнім аламыз», - дейді Тоты Ермаханова.
Елордалық колледжде флористика мен орман шаруашылығы салаларына үлкен мән беріліп, студенттерге сапалы әрі заманауи білім беріліп жатыр. Бұл мамандықтар шығармашылық пен кәсіби дағдыны біріктіріп, халықаралық тәжірибе мен практикалық білім арқылы болашақ мамандарды даярлайды. Осындай білім беру арқылы жастар еңбек нарығындағы сұранысқа сай білікті кадрға айналып, елдің дамуына үлес қосады.