Татьяна Мускинова 19 жылдан бері тазалық саласында еңбек етіп келеді
Астана көшелерінің тазалығында жол жұмысшыларының еңбегі үлкен рөл атқарады. Олар әр таңды ерте бастап, жол бойын сыпырып, қоқысты жинап, қаланың тазалығын қамтамасыз етеді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Elordainfo.kz тілшісі «Астана Тазалық» кәсіпорнында 19 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан жол жұмысшысы Татьяна Мускиновамен сұхбаттасты.
Татьяна Мускинова Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданына қарасты Айнабұлақ ауылында дүниеге келген. Осыдан 27 жыл бұрын отбасымен Астана қаласының іргесіндегі Рақымжан Қошқарбаев ауылына көшіп келген.
«Елордаға жақын орналасқан ауылда тұрсам да, 2006 жылы «Астана Тазалық» кәсіпорнына жұмысқа орналастым. Содан бері осы салада тұрақты еңбек етіп келемін. Алғашқы он жылдай жол жұмысшысы болып істедім. Кейіннен жауапкершілігім артып, шамамен бес жыл бойы көше тазалығына жауапты жұмысшылардың бригадирі қызметін атқардым. Қазіргі уақытта тазалық мекемесінде шебер ретінде жұмыс істеймін. Жол жұмысшыларының өздеріне жүктелген аумақтарды уақтылы әрі сапалы тазалауын бақылаймын», - дейді ол.
Татьяна Мускинова елорданың «Есіл» ауданындағы учаскелердің тазалағын қадағалайды.
«Жұмысымыз таңғы 6:00-де басталады. Біз екі-үш ауысыммен еңбек етеміз. Ең алдымен қызметкерлерді учаскелерге бөліп, нақты міндет жүктеймін. Жол жұмысшылары алдымен қоқыс жинап, содан кейін көше сыпыруға кіріседі. Жұмысымыз ерте басталғандықтан, халық жұмысқа баратын уақытқа дейін көшелерді ретке келтіріп үлгереміз», - дейді ол.
Кәсіпорын шебері арнайы техника жеткілікті болса, бұл жұмысты жеңілдетуге мүмкіндік туатынын айтты.
«Әр маусымның өзіне тән қиындықтары болады, дегенмен қыс мезгілі біршама ауырлау өтеді. Қыста таңғы кептеліс басталмай тұрып жолдар мен аялдамаларды, жаяу жүргіншілер жолын қардан тазартып үлгеру керек. Ал жаз мезгілінде еңбек біршама жеңілдейді. Астанада жаз қатты ыстық бола бермейді, сондықтан күз түскенге дейін сыртта тазалық жұмыстарын жүргізуге ауа райы қолайлы болады», - дейді ол.
Татьяна Мускинова бос уақытында қолөнермен айналысқанды жақсы көреді. Қолы қалт етсе, ұршық иіріп, тоқыма тоқиды. Немерелеріне өз қолымен жылы шұлық тоқып береді. Сонымен қатар үйдің ауласына гүл егіп, оларды күтіп-баптағанды жақсы көреді.
«Шын мәнінде, әр адам айналасын таза ұстаса, қаламыз да көркейіп, таза болып тұрады. Осы жерде тазалық тек бір мекеменің емес, барша тұрғынның ортақ жауапкершілігі екенін түсіну маңызды. Президент бастамашы болған «Таза Қазақстан»экологиялық акциясының мәні зор деп ойлаймын. Бұл тек апта сайынғы сенбілік емес, халықты тазалық пен ұқыптылыққа тәрбиелейді. Егер әр азамат осы бастамаға шын ниетімен атсалысса, еліміздің әрбір қаласы мен ауылында тазалық пен тәртіп болады», - дейді ол.
Татьяна Мускинова 2020 жылдың 3 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған. Сонымен қатар атқарған еңбегі мен жауапкершілігі үшін мекеме басшыларынан бірнеше алғысхаттар алған.