Олжас Бектенов қауіпсіз еңбек жағдайының сақталуына қатаң бақылау жүргізуді тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мәселелері қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оқу-ағарту, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы министрлері, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері мен «Атамекен» ҰКП басшылығы техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау, жұмысшы кадрларды қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Президент тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет 2025 жылы Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Құжатта енгізілген 7 бағыт пен 70 қадам жұмыс берушілердің қатысуына және жұмысшы маман даярлау мен қолдауға, техникалық және кәсіптік білім берудің тартымдылығын арттыруға, еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін дамытуға бағытталған. Жоспарды іске асыруға нақты сектор субъектілері, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялар мен салалық қауымдастықтар тартылған.
«Ұзақмерзімді және тұрақты экономикалық өсу факторларының бірі – адами капиталды дамыту. Экономиканың дамуы және азаматтар әл-ауқатының артуы өз кәсібін жетік меңгерген мамандарға байланысты. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеру үшін тиісті іс-шараларды кезең-кезеңмен қабылдаймыз. Осыған байланысты Мемлекет басшысы тарапынан 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды», — деп атап өтті Үкімет отырысында Олжас Бектенов.
Премьер-министр еңбек заңнамасының, еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігінің сақталуына бақылауды күшейтудің, сондай-ақ кәсіпорындарда еңбек дауларына жол бермеу үшін алдын алу шараларын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне жұмысшылардың қауіпсіз еңбек жағдайларының сақталуына қатаң мониторинг жүргізуді, соның ішінде кәсіпорындардың цифрлық картасын енгізу тапсырылды. Сонымен қатар лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету және тиісті конвенцияларды ратификациялау үшін Халықаралық еңбек ұйымымен өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз ету қажет.
Көлік саласындағы, атап айтқанда, авиация, теміржол және кеме қатынасы сияқты жоғары технологиялық салалардағы кадр тапшылығы мәселелеріне назар аударылды. Көлік министрлігіне компаниялармен бірлесіп осы салалар үшін мамандар даярлаудың нақты жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Агроөнеркәсіп кешенін орнықты дамыту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, ауылдағы мамандарға тартымды жағдай жасау мәселелерін белсенді түрде пысықтап, осы бағытта жаңа бағдарламаларды іске қосуы қажет.
Сонымен қатар кадр даярлау және қайта даярлау процесіне бизнес те белсенді атсалысуы қажет. Елімізде жұмыс беруші есебінен біліктілігін арттыруға баратын қызметкерлер үлесі тек 6%-ды құрайды. Сондай-ақ ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 48%-ға жетеді. Осыған байланысты Премьер-министр бизнесті жұмысшы кадрлардың біліктілігін арттыруға, оларды әлеуметтік қолдауға және лайықты еңбек жағдайларын жасауға күш салуға шақырды.