Еңбек адамы

Наурызбай Сүлейменов: Теміржолшы болу төзімділікті талап етеді

Теміржолшылар отбасында дүниеге келген Наурызбай Сүлейменов те мектепті тәмамдаған соң алғашқы еңбек жолын болат жолдың бойынан бастады. Содан бері ел экономикасының күретамырына айналған салада 40 жылдан астам уақыт еңбек етті. Elordainfo.kz тілшісі еңбек адамымен оның мақтанышына айналған мамандығы туралы әңгімелесті.

Ол Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық поселкесінде 1966 жылы 11 наурызда дүниеге келді. Әлбетте, ес білгеннен ата-анасы мен ағасының теміржол бойында қызмет еткенін көріп өскен бала олардың жолын қуып, ізін басты.

«1983 жылы №1 ауыл мектебін аяқтаған бойда теміржолға жұмысқа орналастым. Еңбек ете жүріп жолдамамен Ақтөбе теміржол техникумына оқуға түстім. Сонда оқып жүріп әскери борышымды өтеп келдім. Кейін техникумдағы оқуымды жалғастырып, жол және жол шаруашылығы мамандығын иеленіп, теміржолдағы жұмысыма қайта оралдым. Ақтөбе облысындағы «Шұбарқұдық» жол дистанциясында, одан кейін «Қандыағаш» жол дистанциясында еңбек еттім. Жұмыс істеп жүрген жылдары Қазақ қатынас жолдары университетін жол шаруашылығын жүргізу мамандығы бойынша сырттай оқып шықтым. Содан бері осы саладан қол үзгенім жоқ. Жол жөндеуші, жол бапкері, жол шебері болып жұмыс істедім. Диспетчер болдым, учаске бастығы, инженер-технолог қызметін атқардым. Жолдасым да өз ғұмырын теміржолмен байланыстырған жан. Ол теміржолда экономист болды, бухгалтерияда жұмыс істеді, диспетчер де болды. Былтыр жазда зейнеткерлікке шықты. Ұлымыз да біздің өкшемізді басты, қазір теміржол аумағында қызмет атқарады», - деді Наурызбай Сәрсенұлы.

Теміржолшылар отбасы осыдан үш жыл бұрын ел ордасы - Астанаға көшіп келді. Қоныс аударуына байланысты байырғы теміржолшы ауыстыру әдісімен «Қазақстан темір жолы» компаниясы АҚ-ға қарасты Астана маңындағы «Сороковой» стансасы ПЧ-17 мекемесіне жол шебері болып келді. Сөйтіп, ол атаның қаны, ананың сүтімен сіңген мамандығын одан әрі сабақтай түсті. Тоғыз жолдың торабында жұмыс істеу оңай болмаса керек-ті. Әйтсе де кейіпкеріміз өзі құралпы теміржолшылардың қысы-жазы болат жолдың бойын барлап, қауіпсіздікті тексеруге әбден машықтанғандары сонша – ең сүйікті істеріне айналғанын айтты.

«Жұмысымызда ауыртпалық болмайды емес, болады. Бірақ, бәлкім, етіміз үйреніп кеткендікі ме, өзімізге қызық болып көрінеді. Нақты міндетіміз жол қозғалысы қауіпсіздігін қадағалау, жолдың ақауларын уақытымен жөндеу ғой. Таңнан кешке дейін рельстерді тексеріп, ақаулардың бар-жоғын анықтаймыз. Ауа райы күрт бұзылатын күндер болады. Жазда аптап ыстық болып, қыста боран соғады. Мұндайда жолды екі есе бақылауға аламыз, кезекшілік қоямыз. Өйткені табиғаттың тосын мінезі жол қатынасына үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Мәселен, қалың қар түссе, пойыздардың бағытын бұрып отыратын бұрмалар істен шығуы мүмкін. Бұл салада істейтін адамдарға төзімділік, шыдамдылық және аса үлкен жауапкершілік қажет. Өйткені адам өмірі мен пойыздардың қауіпсіздігі біздің жұмысымыздың сапасына байланысты», - дейді ол.

Теміржолшының айтуынша, «Сороковой» стансасы ПЧ-17 мекемесінде 45 бұрма бар. Мамандар күн сайын рельстің әрбір 6-8 шақырымын өлшеп отырады. Бұл жолдармен «Тальго» жүрдек пойызы, жолаушылар пойызы мен жүк пойыздары өтеді. Көптеген сұрыптау, маневр жұмысы осы стансада атқарылады.

«Қарамағымдағы 14 жол жөндеушімен бірге осы жұмыстарды еңсереміз. Рельстегі ақауларды табуға жол бапкері, жол шебері, учаске бастығы мен орынбасары, жол өлшеуші шебер – бәрі де жұмған жұдырықтай кіріседі. Бұл -  шартты түрде істелетін жұмыс. Шаблон, штангенциркуль сияқты аспаптарымызбен жолды өлшеп, ақауларын ретке келтіріп отырамыз. Бұдан басқа жол өлшемін диагностикалайтын вагон рельспен жүріп өткен соң, техника тапқан ақауларды ретке келтіреміз. Жолдың арақашықтығы, рельстердің енін реттеп, қайта шегелейміз.

Қажет кезінде кезекші қосалқы стансадан пойызды белгілі уақытқа тежей тұруды сұрап, жөндеу жұмыстарын атқарамыз.

Ал көктем мен күзде маусымды рельстерімізді уақытылы ауыстырып тұрамыз. Маусымды рельс дегеніміз – ұзындықтары әртүрлі рельстер. Мәселен, жазда рельстер ұзарады, қысқа қарай қысқарады.

Осы жолдардың бойымен қаншама млн тонна жүк пойызы өтіп жатыр -  рельстер тозады, сондықтан оларды жаңасымен айырбастаймыз, бұрмаларды қайта ауыстырамыз», - дейді теміржолшы.

Оның айтуынша, теміржол бойындағы жұмыстар жаңа техника мен технологияның енгізілуімен біршама жеңілдеген. Мысалы, ол теміржолда еңбек жолын бастаған кезде әртүрлі ұзындықтағы рельстер, түйіспесіз рельстер, темір-бетонды шпалдар болмаған. Әрі көп жұмыстарды бұрын теміржолшылар білектің күшімен жасаған болса, қазір біраз шаруа техниканың күшімен істеледі.

Ол теміржолдың қашықтығымен қоса пойыздардың жылдамдығы да жылдан-жылға артып келе жатқанын айтты. Мысалы, «Тальго» жүрдек пойызының жылдамдығы сағатына 140 шақырым, жай пойыздардың жылдамдығы сағатына 120 шақырым, ал жүк пойыздарының жылдамдығы сағатына 90 шақырым болады екен. 

Ал осындай рельстер ұзарып, пойыздардың жылдамдығы артқан уақытта заманауи техника базасын одан әрі толықтыра түскені абзал деп санайды тәжірибелі қызметкер.

«Қазіргі жастарға теміржолшы мамандығының маңызы да, болашағы да зор дер едім. Өйткені дүниежүзілік тауар айналымы осы күретамыр – теміржол арқылы жүзеге асып жатыр. Шыдамдылық пен жауапкершілік болса, еңсерілмейтін жұмыс жоқ», - дейді ол.

Дегенмен теміржолшы баспана беру жағы қарастырылса, еңбекақы жоғарыласа, жастардың да бұл жұмысқа деген ынтасы артатынын айтты. Ал қазіргі кезде теміржолшыларға жылына екі рет пойыздарда тегін жүруге, екі жылда бір рет демалыс орындарына баруға жеңілдік жасалғанын, сондай-ақ  жұмысшылардың медициналық сақтандырылғанын, кәсіподақ тарапынан да көмек болып тұратынын тілге тиек етті.

Осы мамандықтың жілігін шағып, майын ішкен маман «еңбек етсең, елеусіз қалмайсың» деген ойда.

Наурызбай Сүлейменов өзі қызмет еткен жылдарда көптеген грамота мен Алғыс хаттарға ие болған. Ал Қазақстан теміржолының 120 жылдығына орай «Адал еңбегі үшін» төсбелгісін өңіріне жарқыратып таққан.