«Күніне 20-25 автобус жөндейміз»: елордалық механик сұхбат берді
Елордадағы №1 автобус паркінің көлік құралдарын жөндеуді сүйемелдеу механигі Жаннұр Жұмаханов 2 жылдан бері Астанадағы автобустарды жедел жөндеп, қатарға қосып келеді. Ол Elordainfo.kz тілшісіне сұхбат берді.
Қарағанды облысының тумасы Жаннұр Жұмаханов елордаға осыдан 5 жыл бұрын келген. Автомеханик мамандығын бітірген ол бұған дейін техникалық тексеру пунктінде жұмыс істеген.
Оның сөзінше, бас қалада жыл сайын жаңа маршруттық бағыттар ашылып, қоғамдық көліктер саны артып келеді. Таңнан кешке дейін қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсететін автобустарда техникалық ақау жиі болады. Мұндай жағдайда оларды жедел жөндеп, қатарға қосу маңызды.
«Бізде ескі және жаңа автобустар бар. Олар күнделікті жолаушылар тасымалдауға жолға шығады, кейде істен шығып жатады. Автобус паркінде арнайы жөңдеу аймағы бар. Бұл жерде қоғамдық көлікті жөңдейтін шеберлер жұмыс істейді. Желіде жүрген автобуста ақау пайда болса, жүргізуші бізге хабарлайды. Автобусты жөңдеу аймағына алып келеді немесе біз техникалық көмек жібереміз. Мен осы жерге кірген әрбір автобустың дереу жөңделіп, оның жолға шығуын қадағалаймын»,- дейді Көлік құралдарын жөндеуді сүйемелдеу механигі.
Жаннұр Жұмахановтың айтуынша, жөңдеуге жіберілген автобустардың 70 пайызы жөндеуден өткен соң жолаушылар тасымалдауды жалғастырады.
«Негізінде күнде таңертең желіге шығатын автобустарды шеберлер тексерістен өткізеді. Бірақ көп жағдайда қоғамдық көліктердің шамдары мен қозғалыс тетіктері істен шығып жатады. Мысалы, жөңдеу аймағына күніне 20-25 автобус келеді, ал аязды күндері ақау пайда болған автобустар саны 40-қа жетеді. Олардың 70 пайызы қайтадан желіге шығып, өз кестесі бойынша жұмысын жалғастырады»,- дейді ол.
Механик маман сонымен қатар елорданың аязды ауа райына байланысты қоғамдық көліктерде пеш жиі істен шығатыны атап өтті.
«Қазір қалаға жаңа автобустар келіп жатыр. Бірақ оларды жөңдеу тәсілі бір-біріне ұқсас, яғни аса қатты айырмашылық жоқ. Дегенмен қыстың аязды күндерінде автобустардағы пештер жұмыс істемей жатады. Ал жазда керісінше, ауабаптағыш жиі істен шығады»,- дейді Жаннұр Жұмаханов.
Оның сөзінше, автомеханик мамандығы тек техникалық білімді ғана емес, сонымен қатар жеке қасиеттерді де қажет етеді.
«Жақсы автомеханик – автокөліктерді жөндей алатын маман ғана емес. Ол өз жұмысын сапалы орындауға және жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірқатар дағдыларға ие болу қажет. Ең алдымен көлікте қандай ақау болғанын табу, яғни көлікті жөңдеу кезінде әрбір белгілерге назар аудару маңызды. Сондай-ақ механик олардың жарамдылығы мен қауіпсіздігіне жауап береді. Жөңдеу барысындағы қателіктер көліктің зақымдалуына ғана емес, жүргізуші мен жолаушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан автомеханик өз жұмысының барлық ауырлығын түсініп, әрбір жөндеуге толық жауапкершілікпен қарауы керек»,- дейді ол.