Еңбек адамы

Елордада Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Астана қаласының Сервис және туризм колледжінде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде мамандар даярлаудың  заманауи тәсілдері» атты ауқымды іс-шара өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асқан ғылыми-тәжірибелік конференцияға қала колледждерінен 200-ден астам оқытушы қатысты.

Сондай-ақ аталған іс-шараға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, «Таlап» КЕАҚ, Республикалық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының, кәсіпкерлер палатасының,  қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары атсалысты.

«Ауқымды конференция қатысушылары жұмысшы кадрлар даярлау тәжірибесі және колледждердің даму перспективалары, қоғамның экономикалық дамуы және соған орай кәсіби кадрларды даярлау; цифрландырудағы жаңа трендтерді оқу процесіне енгізу тәжірибесі бойынша тақырыптарды талқылады. Осы іс-шараға біздің колледждің атынан қатысқан оқутушылар мен студенттер флорист мамандығы бойынша шеберлік сыныптарын көрсетті.

Сондай-ақ қалалық мәслихат депуттарының колледжді аралау жұмыстары конференциямен тұспа-тұс келіп, олар елорда көлемінде өтіп жатқан іс-шарада сөз сөйлеп, өз пікірлерін бөлісті. Одан соң оқу орнындағы шешімін күтіп тұрған қандай мәселелер барын анықтап, шешу жолдарын талқылады. Осындай іс-шаралардың жұмысшы мамандығы имиджін көтеруге және еңбек адамын дайындауға заманауи көзқарас қалыптастыруға пайдасы зор. Мұғалімдер бір-бірімен тәжірибе алмасып, сол арқылы жас ұрпаққа білім беру сапасы артады деп ойлаймын», - деді Астана қаласының Сервис және туризм колледжі директоры Салтанат Басығараева.

 Ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар Жұмысшы мамандықтар жылы аясында биыл жүзеге асырылатын жүздеген іс-шаралар барысымен танысты. 

«Жалпы, мұндай конференцияны жылма-жыл өткізіп тұрамыз. Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып отыр. Конференцияда жаңа мамандықтар мен тың технологияларды талқылай келе осының негізінде жастарға қалайша тиімді білім мен білік беруге болатынынын талқыладық. Өз кезeгімізде Астана қаласы Білім басқармасының осы жылға арналған жоспарын таныстырып, онда қарастырылған іс-шараларға тоқталып өттік. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 6 бағыт бойынша 100-ге жуық іс-шара жүзеге асырылмақ. Оның ішінде кәсіпорындар тарапынан жұмыс, кәсіптік бағдар беру қарастырылған. Колледждің жағдайын жақсарту, заманауи жабдықтармен жабдықтау, имидждік іс-шаралар да назардан тыс қалған жоқ. Түрлі чемпионат, байқау мен форумдар өткізілмек. Мұндағы мақсатымыз – жұмысшы мамандықтарының имиджін көтеру», - деді Астана қаласы Білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Хон.

Іс-шарада қонақтар «Жас дизайнерлердің идеялары», «Дәмді нан құпиялары» жұмыстарының көрмелерін көріп, «Мамандықтар әлемін ашу» шеберлік сыныптарына, «Ұстаз болу - өнер» педагогикалық коллоквиумына, бук-кроссингтерге қатысты.

«Мен осы колледжде туризм мамандығы бойынша 1-курста оқимын. Мұнда арнайы бағдарламаны меңгеріп, агенттіктерде жұмыс істеуге, турларды ұйымдастыруға дағдыланамыз. Оқу тегін, стипендиямыз бар. Сондай-ақ ыстық тамаққа ақы төленеді. Ал факультатив сабақтарда флористика үйірмесінде түрлі гүлдерден композиция жасап үйренеміз. Сонымен қатар қажет емес заттарға екінші өмір сыйлап, оларды әрлеп, әдемілеп, сәнді бұйым істейміз. Осы колледжге оқуға түскеніме қуаныштымын», - деді колледж студенті Айжан Дүйсембекова.

Айта кетейік, аталған оқу орнына жылына 450-500 студент қабылданады. Қазір колледжде 1060 студент оқып жатыр. Олар тамақтандыруды ұйымдастыру, туризм, қонақүй бизнесі, ландшафтық дизайн, т.б. мамандықтар бойынша тегін білім алуда.