Еңбек адамы

Астаналық оқушылар құрылыс материалдарын шығаратын зауытты аралады

Бүгін елордалық оқушылар мен волонтерлер №1 Индустриалдық паркте орналасқан Metal Former шатыр және қаптау материалдарын шығаратын зауытқа барып, кәсіпорын жұмысымен танысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Экскурсия оқушыларды еңбек нарығында сұранысқа ие өзекті мамандықтармен таныстыру және техникалық мамандықтарға деген қызығушылықты қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Metal Former зауытының өндіріс директоры Әділет Беркінбаевтің сөзінше, зауыт «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға атсалысып жатыр.

«Біздің зауыт - республикадағы қасбет материалдарын өндіретін алғашқы кәсіпорын. 2023 жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысының қатысуымен ашылу салтанаты өтті. Қазіргі таңда зауытта 110 адам жұмыс істейді. Біздің басты бағытымыз – үйлердің сыртын қаптайтын және төбесін жабатын құрылыс материалдарын өндіру. Сонымен қатар біз «Жайлы мектеп» жобасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтқанда, еліміз бойынша құрылысы жоспарланған 82 мектептің сыртын қаптайтын материал дайындаудамыз», - деді Әділет Беркінбаев.

Экскурсия барысында оқушылар мен волонтерлер зауыттың заманауи технологиялық процестерімен танысып, кәсіпорын мамандарына сұрақ қоюға мүмкіндік алды.

«Мұндай шаралар бізге жұмысшы мамандықтарының еңбегі туралы толығырақ білуге көмектеседі. Экскурсия барысында зауыт жұмысымен таныстық. Бұл кәсіпорындағы жұмыс тек физикалық еңбек күшін қажет етіп қана қоймай, сонымен қатар жаңа технологияларды меңгерудің маңыздылығын көрсетті. Бізге жұмыс барысымен танысуға мүмкіндік берген зауыт ұжымына алғысымызды айтамыз», - деді волонтер Давид Шарипов.