Мәдениет

Зергер Берік Әлібай: Ұлттық нақыштан алыстамауға тырысамын

Зергерлік – ұлтымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін танытатын көне өнер. Elorda.info тілшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және халықаралық «Карл Фаберже» ордендерінің иегері, суретші-зергер Берік Әлібаймен сұхбаттасып, зерлерлік өнердің қыр-сыры туралы сұрады.

-Берік аға, өзіңіз зергерлік өнерге қалай келдіңіз? О бастан зергер боламын деп армандадыңыз ба, әңгімемізді осыдан бастасақ...  

зергер 1.jpg

- Сіз айтып отырған жылдар - Қазақстан өз тәуелсіздігін ала қоймаған шақ. Ұлттық-салт дәстүр, қазақи нақыштарымыз ұмтыла жаздаған уақыт. Осы кезеңде оқу бітіріпсіз. Кәсібіңізді қалай жүргіздіңіз?

-Сіздің қолыңыздан шыққан зергерлік бұйымдарға қарапайым адамдардан бөлек, түрлі мемлекет басшылары да қызығушылық танытады екен.  Бір жылдары Иорданияның ханшайымы Рания сұлудың да әшекейіңізді әспеттеп тағып алғаны елді елең еткізген еді.  Осы қызықты оқиғалар туралы тарқатып айтып берсеңіз? 

зергер 2.jpg

-Сізге жекелеген тапсырыстар жиі түсе ме? 

-Тапсырыс көп алмасаңыз, табыс қалай түседі? Күнкөріс қажет дегендей...

-Көбіне әшекейлер, ат әбзелдері, қанжар, қылыш, айбалта сияқты декоративті қару-жарақ бұйымдарын жасайды екенсіз. Жасалған материалы, көмкерілген тастары бағалы көрінеді. Қымбат металдар мен тастарды табу қиын емес пе? 

-Сіздің бұйымдарыңыз бұл күнде брендке айналды. Ел-жұрт Сіздің қолтаңбаңызды өзгелерден қаншалықты тез ажырата алып жүр? 

-Жасаған бұйымдарыңызды өзгелердікінен ерекшелеп тұратын не қасиет деп ойлайсыз?

-Өзіңіздің ізіңізді жалғастыратын шәкірттеріңіз бар ма? Өз ұлдарыңыз арасынан зергерлікке жақындары шықты ма? 

-Хас зергердің бойында тек сұлулықты көре білетін қырағы көз бен жер қозғалмаса қозғалмайтын асқан табандылықтан бөлек, кие де болады деп жатады...

 -Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Салтанат Мұратқызы

-->

-Берік аға, өзіңіз зергерлік өнерге қалай келдіңіз? О бастан зергер боламын деп армандадыңыз ба, әңгімемізді осыдан бастасақ...  

Бала кезден негізгі арманым суретші болу болды. Суретке құмар болдым. Үйімізге ай сайын үздіксіз келетін «Жұлдыз», «Жалын» журналдарының ортасындағы айқарма беттерге суретшілердің туындылары шығатын. Соларды портрет, пейзаж, натюрморт демей, қылқаламның күшімен айнытпай көшіріп салуға тырысатынмын.  

Кейін Алматыда 30-жылдары ашылған Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне құжат тапсырарда бір мұғалім «мүмкін зергерлікке тапсырарсың, түрлі әшекей бұйымдар жасайтын боласың» деп бағыт-бағдар берді. Сөйтіп мен металды көркемдеп-өңдеу бөліміне оқуға құжат тапсырдым. Бұл 82-жылдар еді, сол кезден бастап зергерлікке ден қойдық.

зергер 1.jpg

- Сіз айтып отырған жылдар - Қазақстан өз тәуелсіздігін ала қоймаған шақ. Ұлттық-салт дәстүр, қазақи нақыштарымыз ұмтыла жаздаған уақыт. Осы кезеңде оқу бітіріпсіз. Кәсібіңізді қалай жүргіздіңіз?

Кеңес Одағында қай өнер де кенжелеп қалды ғой. Барлық мекеме орталықтандырылған болатын. Жеке шеберхана деген атымен жоқ. Жалпы, ХХ ғасырда зергерлік дамымай, тоқтап қалған. Ал одан бұрын, ХVIII-ХIХ ғасырлар - бұл өнердің гүлденген кезі болды. Мұны дәлелдеудің қажеті жоқ, музейлерден-ақ көруге болады. Оқу бітіргеннен кейін Дизайнерлер Одағынан біраз жігіт бірігіп шеберхана ашып, Алматыда қалдық. Күні-түні тынбай еңбек етеміз. Бізге бәсекелес ешкім жоқ. Басшылық орталық музейден дүкен ашып берді. Сол жерден әшекей бұйымдарымызды сататын болдық. Әсіресе тәуелсіздік алған жылдары жаңа мемлекетті көруге келген туристер көп болды. Олар ұзақ-сонар кезекке тұрып, бұйымдарымызды пышақ үстінен үлестіргендей таласып-тармасып сатып алатын. Тіпті, Санкт-Петербургтен өнерді бағалаушылар арнайы іздеп келіп, бір шабадан ақшаға бір шабадан зат алып кеткен кездер де болған. 

-Сіздің қолыңыздан шыққан зергерлік бұйымдарға қарапайым адамдардан бөлек, түрлі мемлекет басшылары да қызығушылық танытады екен.  Бір жылдары Иорданияның ханшайымы Рания сұлудың да әшекейіңізді әспеттеп тағып алғаны елді елең еткізген еді.  Осы қызықты оқиғалар туралы тарқатып айтып берсеңіз? 

Иә, ондай ерекше мәртебелі меймандарға ұлттық нақыштағы сыйлық жасап тұратынымыз бар. Мәселен, 1998 жылдары Қазақстанға Түркия Президенті Сүлеймен Демирел келді. Оған сыйға тарту үшін қылыш жасау туралы ұсыныс болды. Ол кезде Алматыда тұрамыз. Шеберлер бірігіп көрме жасадық. Көрмеге қойылған қылыштардың арасынан таңдау менікіне түсті. Бұл бұйым еліміздің Тұңғыш Президенті атынан Түркия Президентіне  тарту етілді. Қазір ол қылыш Анкарада Президент резиденциясында тұр екен. 

Менің қолымнан шыққан тағы бір қылыш Малайзияның премьер-министріне сыйланды. Сол қылыштың ақшасына Алматыдан пәтер сатып алдым. Ал 1991 жылы Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың алғашқы инаугурациясына ұсыныс бойынша жігіттермен бірлесіп 3 күнде белдік жасап бердік. Ол үшін ақы алған жоқпыз. Бірақ кейін Президент стипендиясын алдым. Кезінде тапсырыс берген ел ағалары «бұл сол белдіктің өтеуі болсын» деп әзілдейтін. 

Иорданияның ханшайымына келетін болсақ, оның ұлттық нақыштағы әшекей тағып түскен суретін журналистер байқап қалған екен. Содан жан-жақтан сұрастырмай ма? Басшылық маған байланысқа шығып: «Мына суреттегі әшекей қазақтікі ме, анықтап беріңізші», - деді. Мен: «Қазақтікі ғана емес, бұл -  менің жасаған әшекейім», - дедім. Ханшайым сол әшекейді тағып түскен суретін өзінің «профилінде» көпке дейін сақтап қойды. Қолөнерді ерекше бағалағаны болса керек. 

зергер 2.jpg

-Сізге жекелеген тапсырыстар жиі түсе ме? 

Тапсырыстар жиі болып тұрады, бірақ көбіне алмауға тырысамын. Барлық дүниені шабытпен, шығармашылықпен жасағанды ұнатамын. Тапсырыс болса, біреу желкемде тұрғандай болады. Ол тағы «олай жаса, бұлай жаса» деп нұсқайды. Ондай жағдайда шабытпен кірісіп, қиялыңа ерік бере алмайсың. 

-Тапсырыс көп алмасаңыз, табыс қалай түседі? Күнкөріс қажет дегендей...

Негізінен көрме жасаймыз, сол жерде сатамыз. Қолөнер бұйымы болғасын, оның үстіне бағалы металдан жасалғасын құны да біршама қымбат болады. Кейде өзіме ұнаған нәрсені сатқым да келмей қалатыны бар. Мұндайда бағасын аспандатып қоямын (күлді). 

-Көбіне әшекейлер, ат әбзелдері, қанжар, қылыш, айбалта сияқты декоративті қару-жарақ бұйымдарын жасайды екенсіз. Жасалған материалы, көмкерілген тастары бағалы көрінеді. Қымбат металдар мен тастарды табу қиын емес пе? 

Қазақи әшекейлерді күмістен ғана жасаймын. Басқа заттарды да солай. Бұрын металл қат болғанда мелхиордан жасайтынмын. Астанада «Тау-Кен Самұрық» деген кәсіпорын бар, сондай-ақ Ұлттық банктен күмісті грамдап немесе құйма күйінде сатып аламын. Кейде сол Ұлттық банк, белгілі мерейтойға орай шығарылып, өтпей қалған монеталарды саудаға шығарады. Соларды сатып аламын. Ал алтынды тек жалатуға ғана пайдаланамын.  Дегенмен бұйым таза күмістен жасалмайды, оған тағы мыс қосылады. Себебі таза металдан жасалған зат тез иілгіш, жұмсақ  болады да, пішінін сақтамайды. Мысалы, 100 грам күміске 7,5 пайыз мыс қосылады, сол кезде бұйым қатаяды.  

Ал енді тастарға келсек, көбіне көгілдір ақық (бирюза), қызыл ақық (сердолик), маржанды (коралл) пайдаланамын. Павлодар облысында Майқайың деген жер бар, сондағы бирюзаны аламын.  Ал бұрын тастарды Қарағанды облысының Шет ауданынан, Жамбыл облысындағы таулардан жинап қайтатынбыз. Мұндайда жергілікті тұрғындар «О заман да бұ заман, қазаққа да тас керек екен-ау» деп таңғалатын. Бұған дейін де бұл өңірлердлегі сирек тастарды өзгелер кәдеге жарата білген. Сонау 18-19 ғасырларда ағылшындар жарылғыш зат қойып, бұзып-жарып алып кеткен деген деректер бар. Қазақтың жерінде асыл тастың небір түрі кездескенмен, оны өндіру дұрыс жолға қойылмаған.

-Сіздің бұйымдарыңыз бұл күнде брендке айналды. Ел-жұрт Сіздің қолтаңбаңызды өзгелерден қаншалықты тез ажырата алып жүр? 

Кейде біреулер «Бір жерде сізді автор деп атап күміс бұйымдар сатып тұр. Бірақ сіздің қолыңыздан шыққан әшекейге ұқсамайды» деп жатады. Сосын бүгінде арнайы орыннан сертификат алып, күмістің сынамасын белгілеп, өзімнің белгімді қоятын болдым. Одан бөлек, көңілің мен күш-қуатыңды жұмсап, ерекше ықыласпен жасаған бұйымның өз «энергетикасы» болады. Мысалы, жұмыстың күрделілігіне қарай кейбір сырғаны 1 сағатта, ал тағы басқа бір түрін жасауға 1 айдай уақыт кететін кездер болады. Яғни, бұйымды жасау сол кездегі көңіл күйге де байланысты. Зергер бұйымды бар ынта-шынтасымен жасаса, сол жұмыстан жақсы леп есіп тұрады. Ал компьютер арқылы басылып, станоктан шыққандар жансыз болады, ол бұйымдар көп адамдарға ұнай бермейді. Бір қарағанда көзді тартады, бірақ бойында қуат жоқ. Бұл - екінің біріне сезіле бермейтін нәрсе. Ол ерекшеліктерді кей сұңғыла жандар бірден байқап жатады.  

-Жасаған бұйымдарыңызды өзгелердікінен ерекшелеп тұратын не қасиет деп ойлайсыз?

Менің ерекшелігім - ұлттық нақыштан ажырамауға тырысатындығым. Себебі өмір-бақи музейде жұмыс істедім. Алматы орталық музейінде, Президент мәдениет орталығында, Ұлттық музейде реставратор болдым. Қазір өз үйімнен жеке музей жасақтап алған жайым бар. Сондықтан көне өнердің қаймағын бұзбай, келесі ұрпаққа жеткізуді парыз тұтамын. Заманауи стильде шығармашылықпен айналысатыным бар. Бірақ негізгі бағытым – ұлттық өнерді жалғастыру.

-Өзіңіздің ізіңізді жалғастыратын шәкірттеріңіз бар ма? Өз ұлдарыңыз арасынан зергерлікке жақындары шықты ма? 

Жасым келді ғой деп, атадан мұра қалған ісімді балаларға берем бе десем, балалардың аса істегісі жоқ. Әке қашан да балаға сыншы ғой. Ал шәкірттерім көп. Олардың бірі - дәл қазір Қостанай облысы Амангелді ауылында тұратын Дастан деген жігіт. Менен осы өнерді үйреніп кеткен.   Одан басқа да алыс-жақын жерлерден қызығушылар келіп өнерімді үйреніп кетіп жатады.  Өзім туып-өскен Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Қызылсай ауылынан 30 зергер шықты. 

-Хас зергердің бойында тек сұлулықты көре білетін қырағы көз бен жер қозғалмаса қозғалмайтын асқан табандылықтан бөлек, кие де болады деп жатады...

Ол рас. Зергер жұмысқа бар зейін-зердесімен кіріседі ғой. Сондайда сырттан кісілер келсе, ашуланып қалам. Өйткені ойым бөлінсе, ол іске қайта айналып отыра алмай қаламын.  Зергерлерді қазақ қашанда қасиетті санаған ғой, атын атамаған. Атамды ел-жұрт «Ұстекем» деген. Бағзының зергерлері  хан ордасына именбей еркін кірген. Хас шебердің қолынан шыққан бір сәукеле 500 жылқыға бағаланған. Бұл туралы ғалым Әлкей Марғұланның зерттеулерінде жазылған.  

 -Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Салтанат Мұратқызы