Мәдениет

Өзбекәлі Жәнібековтің Тайқазанды қайтаруы тарихи ерлік болды – ғалым

Өзбекәлі Жәнібековтің Тайқазанды қайтаруы тарихи ерлік болды – ғалым

Биыл Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толып отыр. Ал қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар тұлғаны айтқанда көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков туралы да сөз қозғамай кете алмаймыз. Неге? Бұл жөнінде Саяси ғылымдардың докторы, профессор Әбдіжалел Бәкір Elordа.info тілшісіне берген шағын сұхбатында айтып берді.

-Әбдіжалел аға, ұлттық мәдениет майданындағы Өзбекәлі Жәнібековтің еңсерген еңбегін көзі қарақты ел білетін шығар. Оның қазақтың мұрасын түгендеуде жасаған істерінің ішіндегі бір шоқтығы – ұлы ойшыл, ақын, рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауиге қатысты екенін білеміз. Осы тұрғыда тарқатып айтып берсеңіз? 

- Сөзіңіз аузыңызда, Өзағаң тікелей себепкер болып қайтарып алған еліміздің құты – Тайқазанның оралу тарихына кеңірек тоқталсаңыз... 

-Тарихи-мәдени мұраларды қорғау демекші, ақпарат көздерінде осы бір руханиятымыздың үлкен ордасының сыры кете бастағаны айтылып жүр. Қазір кесененің күмбезі мен кей бөлмелерінің қабырғасы ылғал тартып, тұзы шығып тұр екен. Бұған не себеп деп ойлайсыз? 

-Мемлекет қайраткері Жәнібековтің Ясауи тұрғысында атқарған ісін мәңгі жаңғырып тұратын айрықша қызмет деп атап өттіңіз. Осы тұста Қожа Ахмет Ясауи мұраларының маңыздылығын да айтып кетсеңіз...

-Сұхбатыңызға рахмет!

-->

Қожа Ахмет Ясауиді айтсаң, Өзбекәлі Жәнібеков бірден еске түседі. Ол - Ясауи кесенесінің жөндеуіне үлес қосып қана қоймай, ғұламаның ілімін зерттеуге де атсалысқан азаматтардың бірі. Кеңестік кезең тұсында күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшылдың мұралары біздің ұлттық мәдениетімізден ығыстырылғаны белгілі. Ал Өзбекәлі Жәнібековтың ең негізгі ұстанған ұстанымы ұлттық мәдениетімізді мыңжылдықтар тізбегіне қайта жалғау еді. Түптеп келгенде, мәдениет, тіпті ғылымның да бастауында тұру қажет. Өйткені ұлттық мәдениетке байланбаған ғылымның ұлтқа қызмет етуі неғайбыл. Осыны жақсы білген Өзбекәлі Жәнібеков министрлікте қызмет еткенде, Орталық комитетте идеология хатшысы болған кезінде ұлттық мұрамызды түгендеуге қатысты жүйелі жұмыстар жасады. Ол атақ-абыройдың соңынан қумай, Кеңестік идеологияға қарамастан, халқы үшін баға жетпес игі істерді жасады. Қазақты қиын қыстау заманның, зымиян саясаттың салдарынан қол үзіп қалған асыл-жақұтымен қайта қауыштырды. Алаш зиялыларының ақталуына атсалысты. Елдің Наурыз мейрамымен қайта қауышуына үлес қосты. Музейлерді ашты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына бастамашы болды. Соның ішінде, Тайқазанды тарихи Отанына қайтарғанының өзі мың іске татырлық. 

- Сөзіңіз аузыңызда, Өзағаң тікелей себепкер болып қайтарып алған еліміздің құты – Тайқазанның оралу тарихына кеңірек тоқталсаңыз... 

Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру жұмыстарына  көп мән берді. Соның ішінде, жоғарыда айттық, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіру және оның мұрасы мен іліміне бетбұрыс жасады. 

Бұған қоса «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің құрылуына зор үлес қосты. Кесенеде жерленген хандар мен сұлтандар, билер және батырлардың құлпытастарын музей экспозициясына қойды. 

Міне, сол тұста кесененің сән-салтанаты болған атақты тайқазанның орны бос тұрған болатын. Өйткені 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербор қаласында өткен Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға әкетілген Тайқазан кері қайтарылмап еді. Сөйтіп, тарихи құтымыз жарты ғасырдай Эрмитаж музейінде тұрды. Ортағасырлық тайқазан 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегінде ғана тарихи Отанына қайта оралды. Бұның бәрі – Өзбекәлі Жәнібековтің жанқиярлық күресінің нәтижесі. «Өзағаң болмаса, басқа адам қайтара алмас па еді..?» - деп ойлаймын.  Ол бұл жөнінде бірінші болып бастама көтеріп, қаншама рет Ресейге қажетті дәлелдер мен құжаттарды жіберіп, өтініш жазды. Эрмитаж басшылары оңайлықпен тарихи жәдігерді бере қоймады. Бірақ Өзбекәлі Жәнібеков бұл істі орта жолда қалдырмай, соңына дейін жеткізді. Бүкіл архивті көтертіп, Тайқазанның конференцияға уақытша ғана алынғанын дәлелдеп барып рұқсатқа қол жеткізді. Осылайша мәдениет майданы қаһарманының бар жігерін салуының арқасында ғана тайқазан өз орнына қондырылды. Біз Тайқазанның оралуын еліміздің ырысы оралғанға баладық. 

-Тарихи-мәдени мұраларды қорғау демекші, ақпарат көздерінде осы бір руханиятымыздың үлкен ордасының сыры кете бастағаны айтылып жүр. Қазір кесененің күмбезі мен кей бөлмелерінің қабырғасы ылғал тартып, тұзы шығып тұр екен. Бұған не себеп деп ойлайсыз? 

Атақты әмірші Ақсақ Темір мұны салғанда көп нәрсені ескерген. Яғни, кесененің мәңгілік мұра болып қалуы үшін күш салған. Бірақ біз кесенені сол қалпында күтіп ұстауға байланысты тиісті ережелерді қатаң қадағаламай жүрміз. Тарихи орынға тым жақындап кеттік. Ретсіз сауда орындарын салып жатырмыз. Адам қаптап жүр. Айналасында су көбейді. Енді қабырғаларына ылғал тарап жатқан жайы бар. Кесене бұрын биік жерге орналасқан ғой. Оның маңайына өзге  нәрсені жолатпай, шекара қойып, белгілі бір аумақты, тарихи орын болғандықтан, барынша сақтап қалуымыз керек еді. Бұны мемлекет бөлек қарап, шешпесе болмайды. Күндердің күнінде айтарлықтай қауіп тууы мүмкін.

Мысалы, Үндістанда байқағанымыз, Тәж-Махал кесенесі дәл сол алғашқы салынған күйін сақтап қалған екен. Өйткені оған барған адамдардың барлығы аяқкиімдерінің сыртын қаптап алады. Өздерімен алып жүрген барлық затты тастайды. Біз Ясауи кесенесіне не болса, сонымен кіріп те, шығып та жатырмыз. 

-Мемлекет қайраткері Жәнібековтің Ясауи тұрғысында атқарған ісін мәңгі жаңғырып тұратын айрықша қызмет деп атап өттіңіз. Осы тұста Қожа Ахмет Ясауи мұраларының маңыздылығын да айтып кетсеңіз...

Қожа Ахмет Ясауи имандылықты, адамгершілікті жырлады. Қара халыққа көмек көрсетуге шақырды. Адам үшін қызмет етуге үндеді. Біз Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, адамдардың бойындағы осы имандылықты, адамгершілікті жауапкершілікті күшейте түсуіміз керек. Ал оны дамыта түсуде Ясауидің ілімі үлкен құрал болар еді.

Ясауи әлі зерттеле түсуі керек. Оның «Диуани Хикмет» еңбегінде айтылған мәселелер өте көп. Соны тарқату қажет. Онда не жазылғанын бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Біз, Кеңестік кезеңде оқыған адамдар, бұл мәселелерден бейхабар болдық. Бұған дейін төркінсіз келе жатқан халық сияқты едік. Өйткені өткеніміздің бәрін жоққа шығардық. Енді сол асыл мұраларымыздың сынығын өзімізге қайтарып,  әлі де түп-тұқиянына дейін зерттеуіміз қажет.

-Сұхбатыңызға рахмет!