Мәдениет

Түркістанда Қожа Ахмет Яссауидің «Құдіретнама» еңбегі алғаш рет қазақ тілінде жарық көрді

Түркістан қаласында өткен халықаралық конференция аясында ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының «Рухани мұра» жобасы бойынша жарық көрген Қожа Ахмет Яссауидің «Құдіретнама» және Мұхаммед Шәріп Ахун Молда Ғұмарұлының «Раддия» кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

«Құдіретнаманың» көне қолжазбасы Өзбекстандағы Әу Райхан Бируни атындағы Шығыстану институтының сирек қолжазбалар қорында «Қудратном-и Султону-л-Арифин» деген атаумен сақталған.
«Құдіретнамада» Алланың құдіреті мен 18 мың ғаламның жаратылу хикметі жазылған. Кітапта «Құдіретнаманың» транскрипциясы, көркем және ғылыми аудармасы берілген. 
Ал «Раддия» кітабында қажылық парызы, оның шариғи үкімдері мен «бадәл» мәселесі баяндалған. 
Бұл құнды еңбектер алғаш рет қазақ тіліне аударылып, ғылыми орта мен жалпы оқырман қауымға жол тартты.