Мәдениет

ҚР Мемлекеттік орталық музейінде «Ашық реставрация орталығы» таныстырылды

ҚР Мемлекеттік орталық музейінде «Ашық реставрация орталығы» салтанатты түрде ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап. 

Мұнда келушілер реставрация жұмыстарының ерекшеліктерімен танысып, тарихи-мәдени мұраны сақтаудағы реставраторлардың рөлін тереңірек түсініп қана қоймай, жәдігерлерді қалпына келтіру процесін тамашалады. 

«Орталық 1978 жылы ағаштан, металдан, керамикадан, тоқыма бұйымдарынан және басқа материалдардан жасалған бұйымдарды қалпына келтіру жұмыстарымен айналысатын музейдің реставрация бөлімі негізінде құрылған. Іс-шара барысында керамика, тоқыма, киізден жасалған кілемдер, киім, металл және бейнелеу өнері сияқты музей заттарын қалпына келтіру бойынша шеберлік сағаттары  өтті.

Қалпына келтіруге бағытталған бірегей экспонаттарды ұсыну – іс-шараның маңызды сәттерінің бірі болды. Олардың қатарында белгілі қазақ суретшісі Молдахмет Кенбаевтың Қожа Ахмет Ясауи кесенесі есігінің қарындашпен салған сызбасы және зерттеуші Л.Маньковскаяның XIV ғасырдағы сәулет кешені элементтерінің өлшемдік сызбалары бар», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, іс-шара барысында «Мәдени құндылықтарды қалпына келтіру жолдары» тақырыбында  дөңгелек үстел ұйымдастырылды.