Мәдениет

Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт өтеді

24 қыркүйек күні Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қазақтың әйгілі күйшісі, композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Ғасыр әуендері: Тілендиевке тағзым» атты мерекелік концерт өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

2023 жылдың қараша айында ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы бұл датаны 2024-2025 жылдары ұйымның қатысуымен аталып өтетін мерейтойлар тізіміне ресми түрде енгізді. Бұл шешім оның өз халқына ғана емес, бүкіл адамзат мәдениетіне қосқан зор үлесін айқындайды.

Алдағы іс-шараның басты мақсаты – халықаралық ең беделді сахналардың бірінде қазақ халқының музыкалық мұрасының бай екенін жеткізу.

Нұрғиса Тілендиев осы мұраны сақтап, көпшілікке насихаттаған жандардың бірі болды. Ол өз шығармашылығы мен негізін қалаған «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық халық аспаптар оркестрі арқылы қазақ музыкасына жаңа туындылар мен жаңа жанрлар әкелді. Оның шығармашылығы Орталық Азияның көшпелі өркениеттерінің бай дәстүріне сүйеніп, еуропалық классикалық музыканың үздік үлгілерінен де нәр алды. Композитор бұрынғы КСРО, Еуропа мен Азияның көптеген елдерінде өнер көрсетті.

Концерт бағдарламасында композитордың әйгілі туындыларын «Отырар сазы» оркестрі орындайды. Ұжымның көркемдік жетекшісі әрі дирижері – Нұрғисақызы Дінзухра Тілендиева. Сонымен қатар ЮНЕСКО сахнасында Қазақстанның белгілі әртістері Светлана Айтбаева, Әлішер Кәрімов, Фархат Кубиев, Гаухар Жұмағұлова, Абай Қойшыбаев, Расул Жармағанбетов, Нұрғалым Аманбай, Аягөз Хайруллина, Жұлдыз Байжұма өнер көрсетеді.

Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары қазақ халқының мәдени мұрасына айналды. Оның қаламынан 500-ден астам музыкалық шығарма дүниеге келді, 50-ден аса театр қойылымына және шамамен 20 кинофильмге музыка жазды. «Отырар сазы» оркестрін құрғанға дейін ол Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, сондай-ақ Құрманғазы атындағы халық аспаптар академиялық оркестрінің бас дирижері қызметін атқарды.