Оңтүстік Кореяда қазақтың дәстүрлі киімдері көрсетілді
Орталық Азия мен Корея Республикасының Достық күніне орай өткен іс-шарасы аясында дәстүрлі киімдер көрсетілімі ұйымдастырылып, өңір елдері мен Кореяның мәдени алуан түрлілігі мен бай шығармашылық дәстүрлері көрсетілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шара Орталық Азия мен Корея Республикасы Достық қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылды. Салтанатты рәсімге Қауымдастық президенті Ли Ок Рён, Азия мәдени орталығының президенті Ким Санг Ук, Орталық Азия елдерінің дипломаттары, іскер топтардың өкілдері және шығармашылық ұжымдар қатысты.
Құттықтау сөзінде Қазақстан елшісі Нұрғали Арыстанов Орталық Азия мен Корея арасындағы мәдени байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Ол өнер, музыка және креативті индустрия саласындағы бірлескен жобалар елдер арасындағы достықты нығайтуға ықпал ететінін баса айтты.
Сонымен қатар қазақ дипломаты Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі бағыттармен таныстырып, Жасанды интеллект пен цифрлық даму министрлігін құру бастамасына, сондай-ақ креативті индустрияға озық технологияларды енгізу мәселесіне ерекше назар аударды. Елші биыл Кореяда таныстырылатын «Алатау Сити» жобасының маңыздылығын атап өтіп, оның смарт-қалаларды дамытудағы, жасыл бастамаларды ілгерілетудегі және туризмді өркендетудегі рөлін ерекше атады. 2025 жылғы шілдеде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Президенті Ли Чжэ Мён телефон арқылы сөйлесу барысында сауда және инвестициялық ынтымақтастыққа баса назар аудара отырып, жан-жақты өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.
Өз кезегінде Қауымдастық президенті Ли Ок Рён Орталық Азия елдерінің бай мәдениеті, өзіндік дәстүрлері мен сан қырлы музыкасы Кореяда жылы қабылданып, өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етіп жатқанын тілге тиек етті.
Қазақстаннан Tarbiya брендінің ұлттық костюмдер топтамасы таныстырылды. Бұл топтама дәстүрлі элементтер мен заманауи эстетиканы үйлестіріп, корейлік көрермендерді тәнті етті және жоғары бағаға ие болды.
Көрсетілім Орталық Азия мен Корея Республикасы халықтарын одан әрі жақындастыруға ықпал ететін табысты ынтымақтастық пен мәдени алмасудың жарқын үлгісіне айналды.