Мәдениет

«Нағыз өнер мен жан-дүниенің түйіскен шегі »: инклюзивті театр актрисасымен сұхбат

Eліміздегі алғашқы инклюзивті театрлардың бірі, Жастар театры жанынан құрылған «Қанаттылар» ұжымының хореографы – Жадыра Есбаева биді ерекше жандармен бірге билеу – бұл нағыз өнер мен жан-дүниенің түйіскен шегі екенін айтады.  Балетмейстер мамандығын меңгерген ол, бүгінде ерекше адамдармен бірге өнер биігін бағындырып келеді.

Кейіпкеріміздің инклюзивті театрға келгеніне бір жылға жуықтады.

«Инклюзивті театрға келгеніме бір жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде түйгенім: адам қандай салада болмасын, егер қызығушылығы мен талпынысы болса, ол кез келген шыңды бағындыра алады. Бұрын хореография – тек кәсіби дайындықты қажет ететін, қатаң тәртіпке құрылған бағыт деп ойласам, «Қанаттыларда» мен бұл ойымды түбегейлі өзгерттім. Мүмкіндігі шектеулі болса да, сахнада өнер көрсетуден қорықпайтын қаншама жан бар екен», - дейді Жадыра.

Жадыра ханым инклюзивті театрға келгенге дейін аздап қобалжу, үрей болғанын айтады.

«Мені қалай қабылдайды? Қарым-қатынасымыз қандай болады?» деген сауалдар санасында сайрап тұрған. Алайда өмір шындығы бар күмәнді сейілтіпті. Қорқынышым бекер екен. Бәрі ойдағыдай болды. Қазір бұл орта – менің шығармашылық үйіме айналды, - дейді ол.

Ол театрдағы ерекше жандардың өнерге деген ынтасын оятуды өзінің басты мақсаты санайды.

«Кейде қойылымдар күрделі, бидің өзі физикалық дайындықты талап етеді. Бірақ соған қарамастан әрбір қимыл, әрбір сахналық көрініс жан тебіренісінен туады. Ең бастысы – мінсіздік емес, шынайылық», - дейді ол.

Ол үшін сахнадағы би – жай ырғақ емес, ол – актердің ішкі жан дүниесінің көрінісі.

«Көбіне қозғалыс арқылы емес, жүздегі бір жымиыс, көзқарас, эмоция арқылы көрерменге ой салады. Кейіпкер сахнаға шығу үшін, оны сезінуі керек. Жымию керек деп айту жеткіліксіз. Ол жымиыс жүректен шықпаса – көрермен оны бірден байқайды», – дейді ол.

Балетмейстер ретінде Есбаева ханым хореографиядағы талаптар барлығына ортақ екенін айтады.

«Әр қатысушы бірдей қимылдарды жаттап, дайындалуы тиіс. Әрине, ерекше қажеттілік болғанда көмектесемін. Бірақ «ерекше» деген сөз олардың өнерге деген құқығын өзгертпеуі керек. Бұл – менің басты қағидам» , - деді ол.

Хореографтың айтуынша, қазіргі таңда тек кәсіби бишілер ғана емес, ерекше жандар да өнер әлемінде өз орнын тауып келеді.

«Олар да үлкен сахналарда өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленуде. Бұл – инклюзивті өнердің басты жетістігі», - деді Жадыра Есбаева.

Жадыра Қайратқызы «Қанаттылар» театры әлі талай асуларды бағындыратынына сенеді.

«Біз үшін бұл – тек бастама ғана. Мен алдағы уақытта Қазақстан ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен инклюзивті театрлар ашылып, кең қанат жаятынына сенемін. Сондай ұжымдардың көшбасшысы болып, ұлттық театрлармен йық тіресе аламыз деген үмітім бар.

Оның бұл сенімін көрерменнің өзі дәлелдеп келеді.

«Басында менде таңданыс, күмән, қорқыныш болды. Бірақ бүгінгі көрерменіміз сахнадағы әр әртістің өнеріне қол соғып, қошемет көрсетеді. Бұл – біз үшін ең үлкен марапат», – дейді ол.

Сұхбат соңында Жадыра Қайратқызы ерекше жандармен жұмыс істеуді қалайтын жас хореографтарға да ақыл-кеңесін берді:

«Мұндай жұмыс – үлкен жауапкершілік. Кейде мейірімді, кейде қатал бола білу керек. Әр істі шыдамдылықпен бастау, әр адамның мүмкіндігіне сену – басты қасиет. Сонда ғана би де, өнер де өз деңгейінде шығады», - деді ол.

Автор: Ақнұр Тұяқбай