Мәдениет

Маңғыстау облысындағы 5 жерасты мешіті ЮНЕСКО тізіміне енеді

Маңғыстау облысындағы Бекет ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Шопан ата және Сұлтан үпі мешіттері ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл ескерткіштер 2021 жылы ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енген болатын. Осы бағытта Мәдениет және ақпарат министрлігінің жетекшілігімен ғылыми-жобалық құжаттар әзірленіп, Париждегі штаб-пәтерге жолданды. Сонымен қатар қорғау аймақтары айқындалып, ақпараттық тақтайлар орнатылды, фото және бейнематериалдар дайындалған. 
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, Маңғыстауда ежелгі қорымдар, сәулет өнерінің көрнекті туындылары саналатын тамдар мен сағаналар, жерасты мешіттері бар. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында осы ескерткіштерді қорғау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілген.

«Соның нәтижесінде бес жерасты мешіті ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда қорғау аймақтары белгіленіп, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандардың бүкіләлемдік мұралар қатарына енуі халқымыздың тарихи құндылықтарын сақтап қана қоймай, еліміздің мәдени және экономикалық дамуына серпін береді», – деді Нұрдәулет Қилыбай.