Мәдениет

Мұхтар Мағауиннің "Тазының өлімі" шығармасы желісімен көркем фильм түсіріледі

Қазақстанда Мұхтар Мағауиннің "Тазының өлімі" шығармасы негізінде көркем фильм түсіруге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Шығарма негізінде көркем және деректі фильм түсірілмек. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің сенат депутатына берген жауабынан белгілі болды. 

Оның айтуынша, іріктеу кезеңінде "Тазы" көркем фильмінің және "Тазы. Ветры степей" деректі фильмінің сценариі қаралады. 
Олжас Бектенов, сондай-ақ тазы күні неге 3 қыркүйекке белгіленгенін де түсіндірді. 

"Тазы мен төбет күнін белгілеуге келсек, бұл мәселе бойынша 3 қыркүйекті осындай күн ретінде белгілеу аталған қоғамдық ұйымдармен, кинологтармен және тазы мен төбет селекционерлерімен талқыланғанын хабарлаймыз. Бұл осы күні қазақы ит тұқымының халықаралық деңгейде алғаш тіркелуіне, сондай-ақ "қазақ тазысының" алдын ала ресми халықаралық деңгейде танылуына байланысты", – деп жауап берді премьер-министр. 


Еске салайық, сенатор Бибігүл Жексенбай тазы күнін қансонар уақыты ретінде қарашаға ауыстыруды ұсынған еді. 

"Қазақ аңшылық мәдениетінде тазы мен төбет тек ит тұқымы ғана емес, көшпенділердің серігі. Аңшылық пен дала өмірінің символы. Дәстүр бойынша, Қазақстанда аң аулау маусымы қарашада, алғашқы қалың қар түскен кез – қансонарда басталады. Тазы мен төбет күнін осы кезеңге орайластырып, қарашаның бірінші жексенбісіне белгілеуді қарастырған жөн", – деді Бибігүл Жексенбай.