Мәдениет

«Ұлы дала жорығы»: Бірінші кезеңнің қорытындысы шықты

Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесіне ел өңірлерінен 19 команда қатысуда. Ат жарысы елорданың іргесіндегі Қаражар ауылынан бастау алды, деп хабарлады Elorda.info

Шабандоздар 1 300 шақырым қашықтықта жарысатын марафон-бәйге 19 қыркүйек күні Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласында өз мәресіне жетеді.

Жорық қатысушыларын шығарып салу шарасына марафон-бәйгеге   ұйытқы болған ұлттық спорттың жанашыр азаматтары – «Аманат» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, «JORYQ» ат спорты федерациясы Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлібек Әлденей қатысты.

Өз сөзінде Исламбек Салжанов марафон-бәйгенің маңыздылығын тілге тиек етіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Кеше ғана Ұлттық спорт түрлері бойынша VI фестивальдың ресми ашылуын өткіздік. Ал бүгін болса, баршамыз екінші рет ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала жорығының» басталу салтанатына жиналып тұрмыз. Ұлттық спорт қауымдастығы 2 жыл қатарынан серіктес болып, «Ұлы дала жорығы» жобасын қолдап отыр.  Ұлттық спортымыз ата-бабаларымыздан бізге қалған асыл мұрасы және аманаты. Ұлттық спорттың артында ұлтымыздың рухы мен намысы, тарихы мен салт-дәстүрі тұр. Ұлттық спортымыз елімізді біріктіретін негізгі факторлардың бірі. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық спорттың дамуы мен насихатталуына ерекше назар аударып отыр. «Ұлы дала жорығы» әлемде жоқ республикалық марафон-бәйге. Бүгін осы бәйгеге еліміздің барлық аймағынан 100-ден астам шабандоз қатысуда. Олар 14 күнде 1300 шақырым жерді шауып өтеді. Астанадан басталған бәйге Түркістанда мәресіне жетеді. Мен барлық шабандоздарға сәттілік тілеймін! 

Осы жобаны ұйымдастырып, қолдап отырған Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне, «Аманат» партиясына және Әлібек Әлденей бауырымыз бен барлық атсалысқан азаматтарға алғысымды білдіремін! Қазақ елінің аспаны ашық болып, Көк туымыз мәңгі желбірей берсін!», – деді Исламбек Салжанов.

«Ұлы дала жорығы» марафонының жалпы жүлде қоры – 65 млн теңге. Жеңімпаз командаға 30 млн теңге, 2-орынға 20 млн теңге, ал 3-орынға 15 млн теңге табысталады.

Өз кезегінде «JORYQ» ат спорты федерациясы Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлібек Әлденей жорықтың бұл жолы да жоғары деңгейде өтетініне сенімді екенін жеткізді.

Тәуелздікке қол жеткізіп, егеменді ел болғалы Қазақстанда ұлттық спорт түрлері жоғары қарқынмен дамып келеді. Ұлттық спорттың артында ұлттық құндылық тұр. Жорық біздің еліміздің салт-дәстүрін насихаттап, өткен мен бүгінгіні жалғайтын тамаша жоба. Марафон-бәйгеге қатысып отырған барлық шабандоздарға сәттілік тілеймін! Сәттілік серік болсын!», – деді Қамқоршылық кеңесінің төрағасы.

Марафон-бәйгенің ұйымдастырушысы Ғани Дүйшеновтың айтуынша, жорық барысын 2 халықаралық және 2 қазақстандық судья бағаласа, ал жол бойы аттардың жағдайын 2 халықаралық және 3 қазақстандық мал дәрігері қадағалайды.

Жорық 14 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – 50 шақырым. Одан кейін 12 кезеңде 100 шақырымды жүріп өтеді. Шабандоздар соңғы 14-кезеңде тағы 50 шақырым жолды бағындырып, Түркістанда мәреге жетеді. Жорыққа Атырау облысынан басқа барлық өңірлердің командалары қатысып жатыр. Барлығы марафон-бәйгеге сақадай сай. Кеше аттар ветеринариялық тексеруден өтті, – деді Ғани Дүйшенов.

Осы орайда, бүгінгі бірінші кезеңнің үздіктері де анықталғанын атап өткіміз келеді. Бірінші кезеңнің 50 шақырымын алғашқы болып Жамбыл облысы 2 сағат 23 минут, 37 секундта бағындырды. Екінші орын Солтүстік Қазақстан облысының еншісінде. Олардың нәтижесі – 2 сағат, 57 минут, 04 секунд. Ал Жетісу облысының командасы үздік үштікті 2 сағат, 58 минут, 32 секунд уақытпен түйіндеді. 

«Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

Айта кетсек, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясының, Туризм және спорт министрлігінің, «Аманат» партиясының және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен өтіп жатыр.