Ұлттық музей жәдігерлері Google Arts & Culture виртуалды көрмесінде ұсынылды
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі «Жібек жолының ортақ мұрасы» виртуалды көрмесінде өз коллекциясынан 10 экспонат ұсынды. Жобаны ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесі жүзеге асырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Виртуалды көрме Google Arts & Culture платформасында жарияланған және оны арнайы сілтеме арқылы тамашалауға болады.
Google Arts & Culture – бұл әлемдегі серіктес мәдени ұйымдардың өнер туындылары мен мәдени артефактілерінің жоғары сападағы суреттері мен бейнелері бар Google басқаратын онлайн-платформа.
Қазіргі уақытта сервис ұжымы кемінде 80 елдегі 2 мыңнан астам мәдени мекемелермен ынтымақтастық орнатқан. Қолданушылар платформадан өнер туындыларының көшірмелерін, сәулет ескерткіштері мен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандары туралы мәліметтерді таба алады. Сондай-ақ, сайтта бүкіл әлемдегі мәдени мекемелердің мұрағаттарын көруге мүмкіндік беретін цифрлық көрмелер бар.
«Жібек жолының ортақ мұрасы» виртуалды көрмесі Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркменстанның ұлттық музейлерінен Жібек жолының мәдени мұрасын сипаттайтын 60 көрнекті музей жәдігерінен тұрады.