«Голливудтағыдай сценарий жазу»: Astana IT University базасында кино компания академиясы ашылды
Astana IT University базасында жетекші кино мамандарының тәжірибесі мен заманауи технологияларды ұштастырған Ruh Films Academy білім беру академиясы ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Салтанатты іс-шарада Astana IT University ректоры Әлтайыр Ахметов пен Ruh Films Academy жетекшісі Ербұлан Біләлов микробіліктілік бағдарламасы бағдарламасы аясында серіктестік жөніндегі меморандумға қол қойды.
«Бұл – жоғары оқу орны мен кино компанияның бірлесіп ұйымдастырып отырған стандарттан тыс, жаңаша бағыттағы жобасы. Осы жоба аясында шығармашыл студенттеріміз өздерінің тың идеяларын университет қабырғасында жүріп-ақ жүзеге асыруына мүмкіндік бар. Курстан өткен студенттеріміз бұл дағдыларын өздерінің негізгі білімімен ұштастыра алады. Бүгінде қысқаметражды фильмдерді кәсіби тұрғыда түсіруді үйрететін курстарға сұраныстың жоғары екенін көріп отырмыз. Жалпы, Astana IT университетінде микробіліктілік бағдарламасы 2022 жылдан бері қолға алынып келеді. Қазіргі таңда университетте осындай 16 бағдарлама іске асырылған. Бүгінгі бастамамыз да студенттерімізді шығармашылыққа бағыттайтын үлкен қадам деп айтуға болады», - деді Astana IT University ректоры Әлтайыр Ахметов.
Өз кезегінде Ruh Films Academy жетекшісі Ербұлан Біләлов академия жастардың идеясын жүзеге асыруға деген мүмкіндік екенін атап өтті.
«Біз заманауи технология мен шығармашылықты ұштастыра отырып, кино өнерін дамытуға үлес қоссақ деген ниеттеміз. Кино – ол өмір. Осы жердегі әр адам – өз өмірінің сценарисі әрі режиссері. Сондықтан университет қабырғасынан академияның ашылуы жастарға идеясын жүзеге асыруға деген үлкен мүмкіндік. Бұл тек білім беру орны емес, бұл – кино өндірісінің өркендеуіне үлес қосатын орта. Кез келген ниет білдірушіге есігіміз ашық. Мұнда жас шектеуі жоқ. Арманыңызды орындауыңызға мүмкіндігіңіз бар», - деді ол.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев осындай рухты, креативті іс-шараның ұйымдастырылғанына қуанышты екенін айта келе, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.
«Сіздерді Ruh Films Academy академиясының салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Кино индустрия – қазіргі мәдениеттің маңызды саласы ғана емес, сонымен бірге еліміздің халықаралық беделін қалыптастыратын қуатты құрал. Бұл ретте кәсіби мамандар мен жас таланттарды біріктіретін академияның ашылуы отандық кинематографияның дамуына, елдің мәдени шығармашылық әлеуетін арттыруға зор үлесін қосады деп білемін. Ruh Films академиясы тек фильм түсірумен шектелмей, толыққанды индустриялық жүйе қалыптастыруды мақсат етіп отыр. Осы жолда кино академия жаңа идеялар тоғысатын халықаралық ынтымақтастық көкжиегін кеңейтіп, отандық контентті шетелде насихаттайтын алаңға айналуына тілектеспін», - деп жазылған Аида Балаеваның құттықтау хатында.
Іс-шара барысында академия өткізетін курсқа грант жеңіп алған жастарға сертификаттар табыс етілді.
Мамандардың сөзінше, Astana IT University базасында Ruh Films Academy өткізетін курс студенттері 3 ай білім алады. Онда 20 пайыз теориялық білім болса, 80 пайыз практикалық жұмыс жүргізіледі. Түсірілім Астана қаласында өтеді. Академия серіктестерінің бірінің 10 гектар жерінде кино түсіру алаңы қарастырылған.
«Курсқа қатысушылар фильм түсіру процестерінің негізгі кезеңдерін көзбен көреді. Камерамен қалай жұмыс істеуді, кадрды қалай жасауды, кәсіби түрде жарықпен жұмысты үйренеді, дыбыспен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады. Голливудтағыдай фильм сценарилерін жазуды үйреніп, режиссерлермен және актерлермен тікелей жұмыс істейді. Ең бастысы өзінің алғашқы фильмін түсіруіне мүмкіндігі бар», - деді мамандар.
Айта кетсек, Ruh Films Academy командасы кино индустрия саласында он жылдан аса уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде академия ұлттық және халықаралық киножобалармен, мемлекеттік құрылымдармен, мәдени қорлармен және әлемдік брендтермен серіктестік орнатқан.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа алаң сұранысқа ие мамандарды даярлау орталығы және Қазақстанның креативті экономикасын дамытудың драйвері болады.