Мәдениет

Ерлан Қарин Жошы хан туралы тарихи сериал қашан жарық көретінін айтты

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин депутат Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Жошы хан туралы халықаралық тарихи сериалдың түсірілімі туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Біздің өткенімізді түгендейтін туынды қашан жарыққа шығады? Өзіңіз басы-қасында жүрген - Жошы хан сериалы. Шетелден мамандар келді, дегенмен түсірілім тобының көбі біздің отандық мамандар. Сонымен қатар ол қазақтың жерінде түсірілді. Осы орайда туынды қашан жарыққа шығады деген сұрақ бар және сіз күтетін нәтиже қандай?»,- деді Нартай Аралбайұлы.

Ерлан Қарин тарихы туынды алты сериядан тұратынын айтты.

«Жалпы Жошы хан туынды алты серия болады деп ойлағанбыз, бұл мүмкін ұзаруы да мүмкін. Бұл жобамен шетелдік мамандар айналысты, бірақ негізгі жұмыстарға өзіміздің мамандар қатысты. Сценарийді де дайындауға біздің мамандар атсалысты, соның ішінде қазақстандық тарихшылар да бар. Түсірілімдер толығымен Қазақстан аумағында өтті. Басты рольдерді сомдайтын да біздің отандық актерлар. Алдағы уақытта осы сериал нәтижесінде көпшілікке жаңа есімдер таныла бастайды деп ойлаймын»,- деді ол.

фото: instagram.com/erlankarin2019

Мемлекеттік кеңесші жаңа кинотуындының өзге тарихи жобалардан айырмашылығына тоқталды.

«Бұл жобаның «Көшпенділер», «Томирис», «Қазақ хандығы сияқты » сияқты т.б. жобалардан айырмашылығы – сыртқы аудиторияға арналып отыр. Яғни, өзіміздің тарихымыз бен мәдениетімізді шетелде таныстыру үшін түсіріліп отыр. Басты мақсатымыз – бұл сериалды әлемдегі танымал платформаларға ұсыну. Ол осы жылдың соңында белгілі болады. Қазіргі уақытта Қазақстандағы түсірілім процесстері толығымен аяқталды»,- деді Ерлан Қарин.

фото: instagram.com/erlankarin2019

Жалпы тарихы сериалдың түсіріліміне 200-ге жуық шетелдік маман қатысқан. Еліміздің түрлі өңірінде түсірілген туындыға жаңа 2 мыңнан аса костюмдер тігілген.

«Қазіргі уақытта монтаждау жұмыстары басталып кетті. Жақында маған ең алғашқы сериасының нұсқасын көрсетеді. Түсірілім жасау бір бөлек, кейін оны стандарттарға сәйкес монтаждау, қажетті түстерді таңдау мен дыбыс қою бөлек шаруа. Біз бұл жұмыстарды осы жылдың соңында немесе келер жылдың басында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл сериал келесі жылы аудиоторияға ұсынылатын болады және ол үлкен жаңалық болатынына сенімдімін»,- деді Ерлан Қарин.

Айта кетейік,  бұл жоба «Дара» Президенттік бастамалар қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Ағылшын тіліндегі деректі-көркем телехикаяны Karga Seven Pictures компаниясы өндіруде. Бұл студия «Осман империясының өрлеуі» мен «Өсиет: Мұсаның тарихы» сияқты жобаларымен танымал. Жобаның жергілікті серіктесі – TAURUS Asia Production.