Мәдениет

Елордада жас пианистер байқауы өтіп жатыр

Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастырған Astana Piano Passion II республикалық жас пианистер байқауы өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Байқау ұлттық фортепиано мектебін дамытып, дарынды жас музыканттарды қолдауға, сондай-ақ классикалық және академиялық музыканы, қазақстандық композиторлардың музыкасын және фортепианода орындау шеберлігін дәріптеуге бағытталған.

Ұйымдастырушылар қатысушылардың орындау шеберлігін арттыру, олардың кәсіби дамуына үлес қосу және халықаралық жобаларға дайындық жасау секілді міндеттерді алға қояды.

Іс-шара барысында тәрбиешілер мен оқушылар арасында тәжірибе алмасуға да жағдай жасалған.

Байқауға Қазақстанның мәдениет және өнер саласы бойынша білім беру ұйымдарында «Фортепиано» мамандығында оқитын 7 жастан 18 жасқа дейінгі жас пианистер қатыса алады. Алдыңғы Astana Piano Passion конкурстарының Гран-при жəне бірінші орын иегерлері бұл додаға сол жас категориясында қатыса алмайды. Байқау төрт жас категориясы бойынша өтеді.

Атап айтсақ, 7-9 жас, 10-12 жас, 13-15 жас және 16-18 жас аралығындағы өнерпаздар.

Байқаудың бірінші күні «С» санатындағы қатысушылардың жеребесі мен тыңдалымы және ҚР еңбек сіңірген әртісі А.Тебенихиннің шеберлік сыныбы өтті. Конкурстың онлайн-трансляциясын ҚазҰӨУ YouTube-арнасынан тамашалауға болады.