Мәдениет

Елордалық театрда «Жұбан» поэтикалық драмасы қойылды

Астанада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығы және «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жылдық мерейтойы атап өтілді. Атаулы күн қарсаңында астаналықтар «Жұбан» поэтикалық драмасын тамашалады,  деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық-музыкалық театрында Батыс Қазақстан облыстық Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры Ақұштап Бақтыгереева мен драматург Мәдина Омарованың сценарийімен әзірленген «Жұбан» поэтикалық драмасын қойды.

Қойылым Жұбан Молдағалиевтің Колбиннің алдында шындықты айтатын, туған халқы үшін ұлттық державаға қасқайып қарсы шығатын жиналыс сәтімен басталады. Ақын бойына дарыған батырлықтың бастауы, өзгелерден оқ бойы озық тұруының сыры, асқақ рухының түпнегізі балалық және бозбала шағымен, ересек өмірмен астасып сипатталады.

Айта кетейік,театр ұжымы «Жұбан» қойылымен 2023 жылы Атырау қаласында өткен Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған I Республикалық театрлар фестивалінен 4 бірдей жүлдені иеленген болатын.

Бағдагүл Рахметқызы