Мәдениет

Елімізде Саз аспаптар шеберлерінің одағы құрылды

Қосшы қаласының Қоғамдық мәдени-спорт кешенінде «Саз аспаптары шеберлерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылуына орай І Республикалық құрылтай өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараға Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі мен Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов, Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы және күйші Жанғали Жүзбай, шебер Жолаушы Тұрдығұлов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері, музыкалық аспап жасаушы шеберлер, өнер майталмандары мен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессорлары қатысты.

Ұйымның төрағасы болып айтыскер ақын, қолөнер шебері Еркебұлан Қайназаров сайланды.

Салаға қатысты қолға алынған жұмыстар туралы айтқан Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі бірлестік жұмысына сәттілік тіледі.

Жиында көптен бері бір-бірін көрмеген, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған Жолаушы Тұрдығұлов, Нарбек Оханов, Сұлтан Мұсаев, Бақытжан Ділманов, Бабыр Арғынов сынды шеберлер салаға қатысты бірқатар мәселе көтерді.

«Жалпы, қазақ халқының рухани мұрасы мен музыкалық мәдениеті ғасырлар бойы саз аспаптарының үнімен ұштасып келеді. Қобыз, домбыра, сазсырнай, шертер, жетіген сияқты аспаптар тек музыкалық құрал емес, ұлттың рухани жадын сақтаушы символ ретінде танылған. Осы бай мұраны сақтау мен жаңғырту ісінде шеберлердің еңбегі өлшеусіз. Сол себепті аталған құрылтай ұлттық аспап жасаушы шеберлердің шығармашылық әлеуетін арттырып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін ерекше алаң болады деп ойлаймыз», - деді ұйымдастырушылар.

Сарапшылардың сөзінше, елімізде 300-500 арасында музыкалық аспап шебері бар. Өз сөзінде Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов шеберлерді заңнамалық тұрғыда қолдау қажеттігін айтты.

І Республикалық құрылтайда айтылғандай, «Саз аспаптары шеберлерінің одағы» бірлестігі кәсіби шеберлердің басын біріктіріп, ұлттық аспап өндірісінің сапасын арттыруды, дәстүрлі технологияларды жаңғыртуды және жас мамандарды тәрбиелеуді көздейді. Сонымен қатар ұйым алдағы уақытта шеберлердің біліктілігін арттыру курстарын, көрмелер мен фестивальдарды өткізу арқылы мәдениетті насихаттауды жоспарлап отыр.

Мәдениет саласының мамандары бұл құрылтайды ұлттық өнер мен шығармашылықтың жаңа серпіні деп бағалады.

Олардың сөзінше, елімізде музыкалық аспап жасау ісін бір жүйеге түсіріп, қолөнер мен шығармашылықты ұштастыру – ұлттық бренд қалыптастырудың маңызды қадамы. Жаңа қоғамдық ұйымның құрылуы бұл бағыттағы жұмыстарды бір орталыққа шоғырландырып, кәсіби деңгейде дамытудың алғышарты болмақ.

Айта кетсек, Қосшы қаласының әкімдігі биыл наурыз айында қолөнер шеберлерінің басын қосып, қоғамдық мәдени-спорт кешенінің ішінен шеберлер залын ашқан болатын. Ол креативті залда елімізге және әлемге танымал шеберлер Бектас Кәрімұлы, Асхат Бозымбай, Нұржан Ділманов, Әлия Қалиасқаровалардың бұйымдары бар. Енді мұнда «Саз аспаптары шеберлерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жұмысы өз жалғасын таппақ.