Мәдениет

Димаш Құдайберген продюсерлік ететін музыкалық шоудың түсірілімі басталды

Димаш пен Hunan Broadcasting System телеарнасы бірлесе жүзеге асырып жатқан халықаралық жобаның түсірілімі басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Түркістан облысында Димаш Құдайберген атқарушы продюсерлік ететін Voice Beyond Horizon халықаралық музыкалық шоуының түсірілімі басталды. Жобаға Қазақстан, Қытай, Қырғыз Республикасы, Италия, Малайзия және Сербия елдерінің әншілері қатысып жатыр.

Қатысушылар Түркістан қаласына пойызбен барды. Түсірілім барысында олар өңірдің басты туристік және мәдени нысандарын аралайды. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде, көне Отырар қалашығында, Karavansaray туристік кешенінде, этноауылда және Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркінде түсірілім жұмыстарын жүргізеді.

Байқау қатысушыларының өнерін арнайы шақырылған халықаралық сарапшылар бағалайды.

Түркістандағы түсірілім аяқталған соң жоба шығармашылық сапарын еліміздің басқа өңірлерінде жалғастырады. Халықаралық шоу Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларында өтеді. Жобаның финалдық кезеңі елордада ұйымдастырылмақ.

Айта кетейік, Voice Beyond Horizon жобасын Димаш Құдайберген Қытайдың Hunan Broadcasting System телеарнасымен бірлесе жүзеге асыруда. Аталған телеарна мен оның Mango TV цифрлық платформасын күніне 210 миллионнан астам көрермен тамашалайды. Осы арқылы әлемдік аудитория Қазақстанның туристік әлеуетімен танысуға мүмкіндік алады.

Жоба Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауына ие.