Мәдениет

«Әдебиеттің әкіміне» айналған Әкім Тарази

Қазақстанның танымал жазушысы, драматург әрі сценарист Әкім Тарази 2025 жылғы 22 сәуірде 92 жасқа қараған шағында өмірден озды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Әшімов Әкім Үртайұлы 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Орта мектепті 1950 жылы Жамбыл облысы Жаңа тұрмыс ауылында бітірген. 1957 жылы Абай атындағы мемлекеттік педагогика институтының филология  факультетін  бітіріп, өзі оқыған орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берген. 1960-62 жылдары Мәскеудегі жоғарғы кинематография курсында дәріс тыңдаған.

Әкім Тарази өмір жолында «Литературная газета» басылымының Қазақстандағы меншікті тілшісі, «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор,Қазақстан киногерлер Одағының бірінші хатшысы, КСРО киноматография Одағының хатшысы болған.

1980-86 жылдары шығармашылықпен айналасып, 1990 жылға дейін Қазақстан жазушылар Одағының хатшысы болып қызмет еткен. Одан кейін үш жыл Мәдениет министірлігінің кеңесшісі болған.  1993-96 жылдары Қаржы-қаражат журналының бас редакторы, 1994-2004 жылдары Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры болған.  2009 жылы Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің профессоры, Қазақстан жазушылар Одағының филиал жетекшісі болып қызмет еткен.

«Әдебиеттің әкіміне» айналған қабырғалы жазушының әдебиетімізге қосқан ұшы-қиыры жоқ үлесі баршаға мәлім. Әкім Таразидің алғашқы кітабы «Құйрықты жұлдыз» повесі 1966 жылы шыққан. Алғашқы  шығармалар жинағы: «Ақбердінің ауласы», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған» романы, «Қорқау жұлдыз» романы, «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Тәж», «Жаңбырлы түндер» романдары.

Қазақ киносына қосқан кинотуындылары: «Тұлпардың ізі», «Арман атаман», «Қараш-қараш», «Мұстафа Шоқай».

Театр сахнасындағы драматургиялық шығармалары: «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Ақын, періште, махаббат», «Індет», «Махамбет», «Лайнер», «Үкілі жұлдыз», «Қыз махаббаты» т.б.

Әкім Тарази Н.Я. Бичуриннің «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне  заманғы тарихы», «Мыңқолдың төрт ханы» тарихи ғылыми-зерттеу еңбегін Ф. Рабленың «Гаргантюа және Пантагрюэль» романын алғаш қазақ тіліне аударған. Сонымен қатар жазуышының бірқатар шығармашалары орыс, қытай, поляк, болгар, ағылшын тілдеріне аударылған.

Әкім Үртайұлы 1994 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды, 1997 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды, 2002 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2011 жылы Прага қаласында Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлығымен марапатталды. 2015 жылы «Отан» орденімен марапатталған. 2021 жылы өнер және әдебиет саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының жоғары дәрежелі үздік наградасы – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері атанды.

Осыдан 2 жыл бұрын елордада Әкім Таразидің 90 жасқа толған мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті. «Толғауы тоқсан Тарази» тақырыбында ұйымдастырылған айтулы кешке қаламгердің сан қырын танып, сырын ұғуға негізделді. Сонымен қатар мерейтой аясында  «Әкім Тарази әлемі: әдебиет, театр, кино және педагогика» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Іс-шара аясында профессордың шығармаларынан шеберлік дәрістер оқылды. Сондай-ақ, «Тарази оқулары» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді.