Мәдениет

Бибігүл Төлегенова 95 жасын «Астана Опера» сахнасында атап өтті

Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, опера әншісі, колоратурлы сопрано дауыс иесі, актриса, педагог, аңыз адам Бибігүл Төлегенованың 95 жасы қарсаңында өнердегі шәкірттері, өнердегі үзеңгілес әріптестері елордадағы «Астана Опера» театрында жеке концертін өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Астананың аспанында таңғажайып, биік музыка әуелеген тамаша кеш болды. Жетпіс жыл бойы үлкен сахнада өнерін паш еткен аңыз тұлға, қазақтың бұлбұлы Бибігүл Ахметқызы өзі де концертті көрермендер залында халықпен бірге тамашалады.

Концертте Бибігүл Төлегенованың бала шәкірттері, немере шәкірттері өзі секілді қазақтың халық әндері мен классикалық әндерді орындады. Концерт жоғары деңгейде аншлагпен өтті.

Кеш Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы «Тойбастармен» басталды. Бибігүл Төлегенова атындағы байқаудың лауреаттары Расул Жармағамбетов пен Татьяна Вицинская, «Астана Опера» хоры, оркестрі мен балет труппасы дирижер, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен кеш бойы бекзат өнердің хас шеберлігін көрсетті. Ақын апамыз Фариза Оңғарсынованың «Бибігүл – ән» өлеңін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев мәнерлеп оқыса, танымал әнші Толқын Забирова «Бұлбұлды» нәшіне келтіре шырқады. Дәулескер күйші Айгүл Үлкенбаева күй тартса, Самал Байсейітова «Гауhартасты» тамылжыта орындады. Н Тілендиевтің «Асатаяқ» музыкасына Astana Ballet театрының әртістері биледі, әлемдік классика «Севиль шаштаразы» комедиясынан тамаша көріністер қойылып, ариялар орындалды.

Ал Моцарттың әйгілі «Дон Жуан» операсындағы Церлина мен Дон Жуанның дуэтін орындаған халықаралық конкурстардың лауреаттары Алтынбек Әбілда мен Әйгерім Темірбекованың өнері көрерменді ерекше тәнті етті.

Альфия Каримова, Дінмұхамед Көшкінбаев, Азиза Омарова, «Астана Операның» ерлер хоры,  К.Сен-Санстың «Аққуын» Әйгерім Бекетаева мен Назым Сағынтай керемет орындап шықты. Астана Опера сахнасындағы қазақ әндерінен поппуриді «Forte Trio»-ның орындауында тыңдасақ, Шахимардан Әбілев пен балалар хорының Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай» әнін шырқағанда зал дүбірлете қол соғып, қолпаштап отырды. Өнер майталмандары Медет Чотабаев, Салтанат Ахметованың салған әуендері, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейір Байнеш, Талғат Аллабиринов пен Нұрғалым Аманбай қатысқан трионың орындауындағы әндер, опералық шығармадан үзінділер тыңдарманды айрықша тамсантты. А.Зацепиннің «Көктем туралы әнін» концертке қатысқан барлық әншілер аты аңызға айналған әнші Бибігүл Төлегеновамен бірге орындап, биік өнерге қол соққызды.

Халықтың қошаметі. Өнердің құдіреті. Аңыз әншіге құрмет көрсетілді. Қазақстан Республикасының Президенті атынан Ықылас гүлі әкелінді. Бір қалада, бір сахнада сайраған бұлбұлдар даусы адам айтса нанғысыз ғажайып әсерге бөледі, кештің әуені талай уақытқа дейін құлағымыздан кетпеді...

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ