Берік Уәли: Толағай табыс пен тозбас өнерге қызмет қылған ата басылым
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің facebook парақшасында “Қазақ әдебиеті" газетін 90 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлады Elorda.info.
-->
90 жыл қазақ сөз өнерінің көшін өрге сүйреп келе жатқан, 90 жыл толағай табыс пен тозбас өнерге қызмет қылған ата басылым – “Қазақ әдебиеті" газеті.
Бұл қасиетті шаңыраққа қазақтың қай жақсысы бас сұқпады дейсіз?! Кешегі сері Сәкен мен құлагер Ілияс, кербез Ғабит пен қара нар Бейімбет аталарымыздың аяғының ізі, қаламының табы қалды.
Одан кейін де газеттің басында қазақтың кіл арғымақ ұлдары, қадірлі қаламгерлері отырды. Сырбай Мәуленовтен Әзілхан Нұршайықовқа, одан Шерхан Мұртаза мен Сайын Мұратбековке жалғасқан салқар керуен ұлттық әдебиеттің ұлы көшін тынбай алға сүйреп келеді.
Осы газет қаншама буынды қалыптастырып, қанша қыранның томағасын сыпырды. 90 жылдан бері тақырыбы ауқымды, талабы биік, өресі үлкен әдебиет қалыптасса, оған осы ата басылымның еңбегі ересен. Сауатты оқырман, салиқалы жанашыр қауым түлесе, ол да осы ата басылымның арқасы.
90 жылдық той құтты болсын! Қазақ әдебиеті әмәнда ұлттың шамшырағы болсын! Қаламгерлерге шалқар шабыт, мол табыс тілеймін!- деді Берік Уәли.