Мәдениет

Башқұртстанда Қазақстанның мәдениет күндері өтті

Қазақстан мен Ресейдің мерейтойлық ХХ өңіраралық ынтымақтастық форумы қарсаңында Уфада Қазақстанның мәдениет күндері өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Қала тұрғындарына «Казахстан сегодня» фотокөрмесі ұсынылып, «Қазақ халық ертегілері» жинағының тұсаукесері өтіп, Башқұртстан Республикасы Ұлттық кітапханасының кітапхана мұрағат қорларына тапсырылды.

Бұдан басқа, «Родина» кинотеатрында қазақстандық режиссер Талғат Теменовтің «Смуглянка/QaraQyz» және режиссер Рашид Сүлейменовтің «Операция «Набат» фильмдерінің көрсетілімдері өтті.

Қазақстан Республикасының Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов, Башқұртстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Ильнур Мухьянов, аудармашы, Ұлттық әдебиет мұражайының директоры Миляуша Кагарманова, Башқұртстан Республикасы Жазушылар одағының төрағасы Айгиз Баймухаметов құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстан туралы өткізіліп жатқан фотокөрме екі халықтың жақындасуына елеулі үлес қосатынын және халықаралық ынтымақтастық саласындағы маңызды қадам болатынын атап өтті. Қазақ халық ертегілері заманауи мәдениеттің іргетасы, адамгершілік күш пен руханияттың қайнар көзі болып табылады. Жинаққа қазақ халқының бай мәдениетін, салт-дәстүрлерін баяндайтын қазақ халық ертегілері енді. Уфадағы қазақстандық кино күндерінің бағдарламасы көрермендерді қазақ мәдениетіне тағы да жақындатады.

Сондай-ақ қазақтың музыкалық шығармалары мен ұлттық тағамдары көрсетілді.

Іс-шараға Башқұртстан іскер топтарының, БАҚ және қазақ диаспорасы, Уфада тіркелген шетелдік бас және құрметті консулдықтардың өкілдері, сондай-ақ республиканың мемлекеттік және қоғам қайраткерлері қатысты.