Мәдениет

Бүкіләлемдік этнофестивальде қазақтың ұлттық сусыны таныстырылды

Қазақ халқының ұлттық сусыны – қымыз Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен ірі халықаралық этноспорт фестивалінде кеңінен таныстырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Бұл шарада қазақтың дәстүрлі тағамдары мен мәдени құндылықтарын шетелдік қонақтарға ұсынған, шілде айында Астана қаласында өтетін BaiQymyz гастрофестивалінің ұйымдастырушылары болды.

VII халықаралық этноспорт фестиваліне Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының Президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ Түркия елінің мәдениет қайраткерлері қатысты.

Жоба барысында арнайы шақырылған этнограф, қазақ ұлттық асханасының танымал зерттеушісі Әйгерім Мұсағажинова келушілерге қазақ тағамдарының ерекшелігін, философиясын, қолдану дәстүрін таныстырып, ұлттық дәмдерден дәм татқызды. Шетелдіктер қазақтың ұлттық бұйымдарына үлкен қызығушылық танытты. BaiQymyz жобасына арналған киіз үй арнайы тігіліп, сән-салтанатымен жабдықталды. Барлық келушілер этнобұйымдар жасау дәстүрлері мен ерекшеліктері, сондай-ақ тазы тұқымды иттермен аң аулау өнерімен танысты. Іс-шараны Түркиядағы Қазақстан елшілігі, Бас консулдығы және Түркиядағы QAZTAB қазақ кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры Арман Оспанов жан-жақты қолдап, ұйымдастырды.  

«Біздің мақсат– қымыз бен көшпенді өмір салтының шынайы құндылығын жаһанға таныту. Қымыз – бұл жай ғана сусын емес, бұл – тұтас философия, өмір салты. Ыстанбұлдағы таныстырылым біздің мақсатымыздың дұрыс бағытта екенін дәлелдеді», - деді жоба авторы Жұмажан Қалтаев.

Этноспорт фестивалінің мәдени бағдарламасына Қазақстаннан этно-фольклорлық «Тұран» ансамблі, «Алатау серілері» тобы және басқа да өнер ұжымдары қатысып, қазақ өнерінің рухын жеткізді.

«BaiQymyz – бұл гастрономиялық жоба ғана емес, бұл – мәдени дипломатияның жаңа форматы. Біз жылқы, тазы, қазақ асханасы, музыка – бәрін біріктіріп, ұлттық кодымызды әлемге заманауи тәсілмен жеткізудеміз», - деді жобаның атқарушы директоры Әділ Орынбасарұлы.

Айта кетейік, биыл 19-20 шілде күндері Астана қаласында алғаш рет қазақтың асыл сусыны қымызға арналып, ауқымды гастрофестиваль ұйымдастырылады. BaiQymyz жобасы еліміздің ең таңдаулы қымыз өндірушілері мен жылқы өсіруші шеберлерін бір алаңға жинайды. Бұл фестиваль тек дәмді сусынмен ғана емес, қазақтың терең тарихы мен ұлттық сусын қымыздың орнына да ерекше назар аудартады. Қонақтар қазақтың ұлттық дәстүрлерімен танысып, түрлі жылқы тұқымдарын көріп, ұлттық қолөнершілердің өнерін тамашалай алады. Сондай-ақ еліміздің әр аймағынан келген қымыз өндірушілер өздерінің шеберліктерін паш етіп, «Ең үздік қымыз» атағы үшін жарысқа түседі. Байқаудың жалпы жүлде қоры 45 миллион теңге.