Мәдениет

Астанада зейнеткерлер «Қысқы қиял» атты көрме ұйымдастырды

Астанадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері қиялдарындағы қыстың әдемі келбетін қағаз бетіне түсіріп қана қоймай, «Қысқы қиял» атты арнайы көрме ұйымдастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Орталықтың Алматы ауданына қарасты филиалындағы арт-студияда дәріс алып жүрген 30 зейнеткер «Қыс келбеті» тақырыбында өз картиналарын ұсынды.

Бүгінде зейнеткерлердің қолымен дайындалған сурет көрмесін орталыққа келуші қызмет алушылар мен қала тұрғындары тамашалауда.

Зейнеткерлер «Қысқы қиял» көрмесіне дайындықты үш ай бұрын бастаған. Алғашқы қар түскен уақыттан бастап олар қысты, алғашқы қарды, мұзды, қар үйінділерін, таңғажайып уақытты, табиғаттың сұлу құбылыстарын аңғарып, қағаз бетіне түсіре білген.

«Арт-терапияның егде жастағы адамдар үшін пайдасы зор. Сурет арқылы адамның ішкі шығармашылығын іске қосуға, есте сақтау қабілетін, зейінін жақсартуға болады. Біз бейнелеу сабақтарын күн сайын өткіземіз. Студиямызға сурет салуды үйренгісі келетін зейнеткерлер келеді. Олардың арасында зейнет жасында сурет салуды үйренген, белсенді, әрі қабілетті зейнеткерлер де бар. Әсіресе, Мәдени Асатова, Мария Серимова, Салтанат Мырзабаева мен Гауһар Камалиева ынтасын ерекше атап өткім келеді», - деді үйірме жетекшісі Айгүл Қожахметова.