Мәдениет

Астанада Торғай өңірі өнерпаздарының концерті өтті

Астанадағы Торғай өңірі өнерпаздарының концерті аншлагпен өтті. Мерекелік концерт «Ғасырлар пернесі» халық ансамблінің орындауында Марат Бердіғұловтың «Ақсауыт» күйімен ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Биыл жарты ғасырлық тарихы бар ансамбльге белгілі айтыскер, Қазақстанның Халық ақыны Қонысбай Әбілдің есімі берілді.

Кештің ашылуында сөз алған Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Еренбол Алматов арнайы жеткізген бұл сүйінші хабарды астаналық көрермен ыстық ықыласпен қабылдады.

«Балқадиша» жетігеншілер тобы мен Сымбат Еріктің «Еркеназ» би ансамблі астаналық көрермен үшін жаңалық болды.

Сахнаға «Арқалықтың ақ таңымен» шығып, көрерменнің айрықша қошеметіне бөленген Бақытжан Байқадамов атындағы камералық хордың құрылғанына көп бола қоймапты.

Концертте Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған республикалық «Ахмет әндері» және дәстүрлі «Халық әндері» байқауының жеңімпазы Байдос Қожасағиев Нұрхан Ахметбековтің «Торғайдан сәлемін», Тобыл-Торғай өңірінің әндерін насихаттаушы Серік Алпысов Хамитбек Мұсабаевтың сөзіне жазылған Нағашыбай Алпыстың «Қаншеңгелі» мен Серік Тұрғынбековтің сөзіне жазылған өз әні «Біздің Торғай осындайды», облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Жоламановтар отбасылық ансамблі Мақсат Жәутіковтің «Егеменді елім» әнін, Халықаралық байқаулардың лауреаты Дилара Қарекенова Ғафу Қайырбековтің сөзіне жазылған Садық Кәрімбаевтың «Торғай толғауы» мен Алтынбек Қоразбаевтың «Желдірмесін» орындады.

Ал халықаралық байқаулардың жеңімпазы Фариза Жоламанова Латиф Хамидидің «Бұлбұлын», Халықаралық байқаулардың лауреаты Тасқын Әжібай Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Өмір-өзенін», әкелі-балалы Алмас Нұрлан мен Жәния Алмасқызы Ринат Зайытовтың сөзіне жазылған Есен Жүсіповтің «Әке тілегін», Мирас Әбдікәрім Жұбаныш Жексенұлының «Жолдарын», Халықаралық байқаулардың лауреаты Талғат Сапабеков Ерлан Нұрманғалиевтің «Киелі Торғайым» әнін және Республикалық байқаулардың жеңімпазы Дильназ Әлімжан Евгений Брусиловскийдің «Алтынайын» скрипкада орындады.

Алмас Сейілхан, Алмас Нұрлан, Фариза Бүркітбай, Мейрамбек Бейсенбек және Мирас Әбдікәрім секілді бірқатар өнерпаздарға Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттары табысталды.