Астанада түсірілген фильм Ұлыбританиядағы кинофестивальде екі марапатқа ұсынылды
Ұлыбританияда 24-28 қыркүйек аралығында 30-шы Encounters Film Festival өтеді. Беделді фестиваль аясында Астанада түсірілген «ИТ» («Animals») атты қысқаметражды фильмнің әлемдік тұсаукесері болады, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
PROTALENT кинокомпаниясы TAURUS ASIA PRODUCTION-мен бірлесіп түсірген «ИТ» («Animals») фильмі Бристоль қаласында өтетін фестивальдің негізгі байқауына енгізілді. Картина екі беделді марапатқа – Brief Encounters гран-приіне және көрермен көзайымы жүлдесіне үміткер. Фильмнің продюсерлері – Ардақ Қасымбек, Әсел Сағи, Дана Мұтырғанова және Анар Жүнісова.

Картина авторы әрі режиссері – Модияр Абдуқадыров. Басты рөлдерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Алтынай Нөгербек пен Нұркен Өтеуіл, сондай-ақ жас таланттар Шахнияз Данияр мен Асанәлі Апахан сомдайды. Фильм қоғамдағы өткір әлеуметтік мәселелерді қозғайды: жануарларға жасалатын қатыгездік, ата-аналардың балалардың ішкі әлеміне немқұрайдылығы және жасөспірімдер арасындағы буллинг проблемасы.
Оқиға 11 жастағы бала тағдыры арқылы баяндалады: ол әкесімен бірге қаладан ауылға көшіп келіп, көшедегі итті қатарластарының қатыгездігінен қорғауға тырысады. Бірақ бұл әрекеті оның өмірін күрт өзгертетін салдарға әкеледі. Картина бір мезгілде адам мен иттің терең тарихи достығын еске салады. Ит тек дос қана емес, сонымен қатар қорғаушы әрі аңшылықта сенімді серігі болған.
«Фильміміз қазақстандықтардың назарын аударады және, мүмкін, жануарларға ізгі көзқарастың манифесіне айналады деп сенеміз. Баланың тағдыры арқылы біз мейірім мен жанашырлықтың болашағымызды айқындайтынын көрсеткіміз келеді. Мұндай беделді фестиваль бағдарламасына енудің өзі — біз үшін жеңіс әрі жаңа жобаларға шабыт», – деп атап өтті продюсерлер.
Сонымен бірге, фильм түсірілімінде бірде-бір жануарға зиян келмегені ерекше айтылды. Encounters Film Festival – қысқаметражды кино мен анимация саласындағы әлемнің жетекші фестивальдерінің бірі. Онда жыл сайын түрлі елдің режиссерлері, продюсерлері және көрермендері бір алаңда бас қосады.