Мәдениет

Астанада Салтанат мемлекеттік би ансамблінің концерті өтті

Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің «Күн дидарлы — Қазақстан» атты концерті өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Концерттік бағдарламада репертуарға жаңадан енген қазақтың ұлттық және әлем халықтарының билері сахналанды.

Ансамбль көрермен назарына «Моңғол биі», орыс биі «Вензеля», өзбек биі «Хорезм термәләрі», «Көңілді серуен», «Жастық жалын», тәжік биі «Идона», ұйғыр биі «Долан», корей биі «Кальчум», татар биі «Женихи», қытай биі «Liming», сондай-ақ «Жарық», «Ел салтанаты», «Қыз қуу» сияқты ерекше би қойылымдарын ұсынды.

Сонымен қатар, концертте халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Біржан Айтахмет, Асылхан Шалқаров, Айгерім Елемесова және Мәдениет саласының үздігі Рахат Сәрсенов өнер көрсетті.

Бүгінгі таңда «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі – ұлттық хореография мәдениетінің бай мұрасын және әлемдік хореографияның алуан түрлілігін толық насихаттай алатын жалғыз кәсіби би ұжымы.

Айта кетейік, келер жылы «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің құрылғанына 70 жыл толады.