Астанада «Оғыз далалық мәдениетінің іздері» атты халықаралық көрме ашылды
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Оғыз дала мәдениетінің іздері» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шара аясында ғылыми семинар ұйымдастырылып, тарихшылар, археологтар, этнологтар және мәдениеттанушылар оғыз мұрасын зерттеудің өзекті мәселелерін талқылады.
Көрмеге Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Қызылорда облыстық өлкетану музейі, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті қорынан – жалпы саны 300-ге жуық түпнұсқа жәдігер мен макет қойылды. Олардың көпшілігі Бүкіләлемдік мұра нысандары ретінде жіктелген және ұлттық мәдениетті дәріптеудің маңызды құралы саналады.
Экспозиция Жанкент қалашығындағы археологиялық олжалардан бастап, VIII-XI ғасырлардағы діни наным-сенімдерді және оғыз тайпаларының мәдени мұрасын қамтиды. Иммерсивтi технологиялар мен мультимедиялық материалдар арқылы келушілер тарихи процестерді жаңа қырынан тани алады.
«Оғыз дала мәдениетінің іздері» көрмесі – Қазақстанның мәдени саясатын халықаралық деңгейде насихаттауға, ұлттық мұраның әлемдік өркениеттегі орнын айқындауға және елдің оң имиджін қалыптастыруға бағытталған ауқымды жоба.
Айта кетейік, экспозицияны 25 қазанға дейін тамашалауға болады.