Астанада Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай «Нұрғиса» хореографиялық спектаклі қойылды
Астаналық «Наз» мемлекеттік би театры көрерменге Халық Қаһарманы, Қазақстанның Халық әртісі, композитор, дирижер, күйші Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Нұрғиса» хореографиялық спектаклін қайта ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты.

Театр ұжымы ұлт рухын асқақтатқан дара тұлғаға тағзым ретінде оның өмірі мен шығармашылығын би тілімен бейнеледі. «Нұрғиса» – қазақ музыка өнерінің алып тұлғасына арналған хореографиялық ескерткіш, театр репертуарындағы інжу-маржан қойылымдардың бірі.

Қазақ музыкасын биік деңгейге көтерген көрнекті тұлға Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен оның ұлттық өнерге қосқан өлшеусіз үлесін дәріптеу мақсатында қойылған спектакльде композитордың 30-дан аса шығармасы орындалып, «Кел, еркем, Алатауыма», «Көш-керуен», «Алатау», «Куә бол», «Ата толғауы» сияқты халық сүйіп тыңдайтын туындылары хореография тілінде сөйледі.

«Дүниеге келуі», «Балалық шағы», «Жастық шағы», «Шыңдалу», «Алып тұлға» атты бес бөлімнен тұратын спектакльде композитордың өмір жолы мен өнердегі өрнегі көрермен көз алдында би лентасы іспетті өрілді. Қойылымға «Тұлпар» және «Айша бибі» балалар би ансамбльдері де қатысты (жетекшісі – Сымбат Қойсоймасов).

«Нұрғиса Тілендиев бабамызға арналған бұл қойылым – біздің театр репертуарындағы айрықша туынды. Ол – қазақ музыкасына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның өмірін би тілімен бейнелеген хореографиялық ескерткіш. Спектакль жастарды ұлттың рухын сезінуге, халық музыкасын құрметтеуге тәрбиелеуге бағытталған», – деді театр директоры, ҚР Мәдениет қайраткері, спектакльдің қоюшы режиссер-хореографы Еркебұлан Ағымбаев.

Айта кетсек, қойылымның либреттосының идея авторы – Нәсіпті Байымбетова, өңдеуші – Мұхаметқали Тналин, музыкалық редакторы – Нұрфат Вахитов, балетмейстерлері – Қ.Ағымбаева, М.Айтмағамбетова, Д.Сүлейменова, Н.Леонтьева, костюм дизайнері – Қ.Кагенова, хормейстер – Ж.Жұлқаш, бейне көріністермен әрлеуші – Қ.Мұртазина, сценограф – Ж.Қалтаев, ғылыми кеңесші – Қ.Сайжанов.

«Наз» мемлекеттік би театры – Қазақстанда ірі хореографиялық спектакльдер қойған алғашқы би театры. Бүгінде театр қоржынында 130-ға жуық би қойылымы мен 15 хореографиялық спектакль бар.
