Мәдениет

Астанада аты аңызға айналған «Айсұлу» комедиялық операсының премьерасы өтті

«Астана Опера» театрында тұңғыш рет қазақ комедиялық операсы сахналанды. Жоғары деңгейде өткен премьера қазақтың көрнекті композиторы, ҚазКСР мен КСРО Халық әртісі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толуына орайластырылып қойылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Премьера алдында шығармашылық топ журналистерге арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.

Қоюшы-дирижеры – Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин, сахналаушы-режиссер – «Нано-Опера» V Халықаралық жас опера режиссерлері байқауының лауреаты, «Астана Опера» театрының режиссері Еренбақ Тойкенов.

«Сыдық Мұхамеджанов қазақ музыкалық театры тарихындағы алғашқы комедия операсын жазды. Қуандық Шаңғытбаев пен Қанабек Байсейітовтің либреттосы қазіргі қазақ жастарының өміріне негізделген. «Айсұлу» спектаклінің премьералық қойылымы 1964 жылы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында сахналанған. Содан бері бұл опера көрермендердің сүйікті туындысына, ал көптеген нөмірлер концертке айналды. Дайындық барысында біз бірқатар ескі қойылымдардың партитураларына талдау жасап, музыкалық материалды қайта қарадық және 60-70-жылдардың тарихи мәнмәтіні мен мәнерін дәл бейнелейтін опера жасадық. Бұл жеңіл комедиялық опера, ол өзінің құрылымы бойынша бұрын опереттаны еске салатын, алайда біз енді оны анағұрлым күрделі жанр туындысына айналдыруға тырыстық. Мұнда ұйымшыл топтың жақсы жұмысын атап өтуге болады. Сондай-ақ мұнда режиссер мен дирижердің өзара үйлесімді әрекеті негізгі рөл атқарады, себебі барлық қойылымның тартымдылығы осы бірлескен жұмысқа байланысты», – деп атап өтті Абзал Мұхитдин.

Фото: «Астана Опера» театрынан

«Қойылымның көтерер жүгі қомақты, көрерменді күлдіре отырып, ой саламыз, әлеуметке қажетті дүниелерді түсіндіруге тырысамыз. Сол замандағы дипломы бар жастың, ғылым кандидатының, басқа да ғалымдардың ауылға келіп, жар тауып, сонда қалуы қызықты баяндалады. Бұл – «Дипломмен – ауылға» деген қазіргі бағдарлама секілді қалада оқыған жастардың ауылға барып, туған жерін көркейтуге атсалысуы тартымды көрсетіледі. Көрерменге – үлкенге де, кішіге де бұл таныс жағдай, әрі комедия болғасын күліп отырып ой салатын оқиға дер едім»,- дейді «Айсұлуды» елорда сахнасында сахналаған режиссер Е.Тойкенов.

Басты кейіпкерлер – Сұлу Ай­сұлу мен қызғаншақ Серке – қыз­дың сұлулық байқауына қатысқысы келетіндігі үшін жанжалдасады. Әрекет барысында әуесқойлар өздерінің сезімін тексеріп көреді.

Ал басты рөлді сомдап, көрермендердің көзайымына айналған атақты опера әншісі «Құрмет» орденінің иегері Айзада Қапонова бүгінгі «Айсұлудың» бейнесін көрсете білудегі көздеген мақсатын ортаға салды.

«Ана тілімізде қазақ операсын насихаттау – бізге ерекше күш-жігер береді, атақты «Қыз Жібек», «Абай», «Біржан сал» опералары – соған дәлел. Былтыр «Қалқаман» операсын қойсақ, биыл осы «Айсұлу» операсын көрерменге ұсындық», - деді басты кейіпкерді сомдаған актриса Айзада Қапонова.

Жарты ғасырдан кейін қазақ сахналарына қайта оралған жарқын опера – «Айсұлу» жайында осы ғажайып туындыны жазған композитор Сыдық Мұхамеджановтың қызы Ләйла Мұхамеджанова былай деген болатын:

«Бүгінгі «Айсұлу» – қазіргі заманғы қыздардың жиынтық бейнесі, сонымен қатар, өмірде махаббат пен арман, мақсат тоғысқан жерде дұрыс шешім қабылдаудың жарқын үлгісі».

Оның айтуынша, бұл операның тәрбиелік мәні өте зор. Бүгінгі бойжеткендер де сахнадағы Айсұлу секілді алдарына нақты мақсат қоя біледі. Соған жетуге барынша күш салады. Мінезді, қайсар келеді. Бірақ қалай болғанда да, Айсұлу секілді махаббатқа адал болулары тиіс.

«Айсұлу» комедиялық операсы екі актіден тұрады. Кезінде пьеса ретінде «Беу, қыздар-ай» деген атпен белгілі болған. 1964 жылы композитор Сыдық Мұхамеджанов оған опера жазды. Оқиға желісі 1950 жылдардағы тың игеру науқанын қамтыды, қоюшы режиссер оқиға желісін бүгінгі күнмен ұштастырған. Оқиға Алматы қаласында, сұлулық байқауының айналасында өрбиді. Сол байқауға қатысу – басты кейіпкер Айсұлудың арманы. Бірақ сүйген жігіті Серке бұған үзілді-кесілді қарсы. Айсұлу болса алған бетінен қайтпайды. Сол себепті екі ғашықтың арасында реніш пайда болады. Көп ұзамай Айсұлу байқаудың жеңімпазы атанады. Сәйкесінше, оған көз салушы жігіттер көбейді. Серке осы жерде өзінің қателігін түсініп, Айсұлудың шешімін лайықты бағалап, онымен қайта табысуды армандайды. Адал достары Серке мен Айсұлуды қайта қосу үшін, жан түршігерлік әдіс ойлап табады. Яғни, «Серке, махаббаттан құса болып көз жұмды» деп Айсұлуға қаралы хабар жеткізеді. Айсұлу етегі жасқа толып, Серкені жоқтайды. Өзін кінәлайды. Ботадай боздап келіп, Серкенің кеудесіне гүл шоғын қояды. Бірақ Серкенің гүлге аллергиясы бар. Шыдай алмай түшкіре бастайды. Айсұлу өзінің алданғанын түсінеді. Бірақ Серкемен қайта қосылғанына бақытты!

Бұл сюжет «Астана Операның» сахнасында былай өрбиді. Қоюшы режиссер ретінде Еренбақ Тойкенов театрдағы премьераның өзгеше безендірумен, режиссерлік басқаша шешімдермен шыққанын айтты.

«Хикая Серкенің Алматы вокзалына келуінен басталады. Колхоздан шыққан жас жігіт қалада екінші рет өзінің бағын сынап көруге, яғни таныстары арқылы университетке түсуге тырысады. Сахнада шынайы пойыз пайда болады, одан Серке шығып, үлкен қаланың атмосферасына бойлайды. Вокзалда жолаушылардың көбі газеттен жас комсомол қыз Айсұлу жайлы мақаланы оқып отырады. Газеттің бірінші бетіне басылған бойжеткеннің суреті мен жігерлендіретін хикаясы қала тұрғындарын баурап алады. Газет сатушысымен кездесу Серкені Хасеннің диссертация қорғауын тойлауға арналған салтанатты қонақасына алып келеді. Серке ол жерде Хасенмен және оның досы – қалалық студент Әубәкірмен танысады. Музыка мен шампан Серкенің басын айналдырып, ол жаңа таныстарына туған колхозындағы сұлу бойжеткен Айсұлу жайлы ықыласпен әңгімелеп береді. Осы естігендерінен әсер алған Хасен мен Әубәкір түнде Айсұлудың соңынан колхозға баруды ұйғарады. Екінші актіде іс-әрекет ауылда өрбиді, онда аңқау қалалық жігіттер Айсұлудың әпкелері – Нұрсұлу мен Жансұлу және колхоз төрағасы ұйымдастырған көңілді ойынның құрбандарына айналады. Ғашық, алайда шытырман оқиғадан бастары айналған олар әйтеуір шынайы Айсұлуды кездестіреді. Орын алған жанжал да көп ұзамай шешіледі: ақыр аяғында үш жұп та бірін-бірі тауып, үйлену тойларын қуанышпен өткізеді», - деді режиссер Еренбақ Тойкенов.

Премьера өте жоғары дәрежеде өтті. Серке рөліндегі Дінмұхамед Көшкінбаев та өз образын тамаша сомдап шықты. Сондай-ақ Хасен рөліндегі Шыңғыс Расылхан, Әубәкір болып сахнаға шыққан Талғат Аллабиринов өз рөлдерін асқан шеберлікпен орындады. Бұл - көптен бері қойылмай жүрген дүние екені рас. Халыққа өте жақын спектакль екендігін көрерменнің ду шапалақтаған қолпаштауынан сезіндік. Шынында да, қойылымды әр айда бір рет болса да, қойып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені оның музыкасы, тақырыбы бүгінгі күнмен астасып жатыр.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ