«Астана Опера» әртістері Рудныйда өнер көрсетті
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Астана Опера» опера труппасының солистері, оркестр және миманс әртістері Рудный қаласына гастрольдік сапармен барып, өнер көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Горняк» мәдениет сарайының сахнасында елордалық ұжым Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен қала тұрғындарына «Музыка бейнелейді және әңгімелейді» топтамасынан балаларға арнап концерт қойды. Сонымен қатар Антонио Вивальдидің «Қаһарлы Орландо» спектаклін ұсынды. Көрермен бұл қойылымды ерекше ықыласпен тамашалады. «Қаһарлы Орландо» операсы рудныйлық көрермен үшін нағыз жаңалық болғанын атап өткен жөн. Себебі бұл спектакль Қазақстан бойынша тек елордада ғана көрсетілетін.
«Астана Опера» гастролі аясында театр әртістері бірнеше іс-шара өткізіп үлгерді. Театрдың опера труппасы директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Талғат Мұсабаев қаладағы музыкалық колледж студенттеріне арнап «Әншінің вокалдық қалыптасуы» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Танымал баритонның өңір студенттерімен мұндай кәсіптік бағдар беретін жұмысы шығармашыл жастарға жол көрсетіп, олардың талғамын қалыптастырып, одан әрі дамуына сеп болары сөзсіз. Өйткені концерттік қызметтен бөлек, жаңа жас дарындарды іздеп-табу да маңызды.
Айта кетейік, «Астана Операның» Қазақстан бойынша келесі гастрольдік сапары 28 маусымда Павлодар қаласында өтеді.