Арменияда Қазақстанның мәдени күндері өтеді
Биыл 18-19 сәуір күндері аралығында Ереван қаласында Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы мәдени күндері өтеді. Іс-шара аясында қазақстандық режиссерлердің фильмдері көрсетіліп, Гала-концерт ұйымдастыру жоспарланған, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Арменияның білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі Жанна Андреасян, жергілікті зиялы қауымдар, ғалымдар, жазушылар, дипломатиялық корпустың, шығармашылық одақтардың, қазақ диаспорасының өкілдері қатысады.
«Гала-концертте Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Александр Беляков, Әйгерім Бекетаева, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Расул Жармағамбетов, Асқар Мұқият және басқа да өнер жұлдыздары танымал эстрадалық әндер мен халық композиторларының шығармаларын орындайды»,- делінген министрліктің хабарламасында.
Айта кетейік, Қазақстандағы Армения Республикасының мәдени күндері 2024 жылдың қазан айында, Астана қаласында өткен болатын.