Абзалбек Ғабит: Жаңа әліпби жобасы әлі бекітіліп болған жоқ
Осыдан тура 94 жыл бұрын яғни, 1929 жылы 7 тамызда Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлары кеңесінің «СССР араб жазуын қолданатын халықтардың жаңа латын әліпбиі туралы» қаулысымен латынға көшу ресми мәртебеге ие болған. Дәл осы мәселеге 88 жылдан кейін тәуелсіз еліміз қайта оралып, 2017 жылғы 26 қазанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойылды. Содан бері Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары біртіндеп жүзеге асырылуда. Осы мәселеге қатысты Президент сәуір айында өткен жиылыста латынға көшу үшін қазақ тіліне реофрма жасауды айтқан болатын. «Біз ең алдымен, осы сәтті пайдалана отырып, қазақ тіліне реформа жасауымыз керек. Мәселе кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне механикалық түрде көшуде емес. Біз латын әліпбиіне тез арада көшуіміз керек деп, көптеген өрескел қате жібердік » , - деді Мемлекет басшысы. Осыған орай Elorda.info тілшісі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Абзалбек Ғабитпен сұхбаттасқан еді.
Фото: спикердің жеке архивінен
- Абзалбек Мұхамеджанұлы, Тіл саясаты комитетінде қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша қазір қандай жұмыстар жасалып жатыр?
- Қазақ әліпбиінің латын графикасын қолданатын өзге түркітілдес халықтардың әліпбиімен ортақ бір ұқсастығы бола ма?
- Бұған дейін жаңа әліпбидің бірнеше жобасымен таныстық. Онда кейбір әріптер ноқатпен жазылатынын көрдік. Осы нәрсе жазу-сызуда кедергі келтірмей ме?
- Сонымен, латын графикасына негізделген әліпби жобасы әзір бекітілген жоқ қой?
-->
Фото: спикердің жеке архивінен
- Абзалбек Мұхамеджанұлы, Тіл саясаты комитетінде қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша қазір қандай жұмыстар жасалып жатыр?
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, уәкілетті орган тарапынан лингвист-ғалымдарды тарта отырып, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша біршама жұмыстар атқарылып жатыр.
Алдымен, халықаралық тәжірибедегі әліпби түзу принциптері қаралып, пысықталып, екшелді. Ортақ түркі әліпбиі, түрік, әзербайжан, өзбек, түркімен әліпбилері, олардың латын графикалы әліпбиге көшу тәжірибесі зерделенді, артықшылықтары мен ұқсастықтары анықталды. Сонымен қатар қазақ тіліне арналған халықаралық фонетикалық әліпби кестесімен де салыстырылды.
- Қазақ әліпбиінің латын графикасын қолданатын өзге түркітілдес халықтардың әліпбиімен ортақ бір ұқсастығы бола ма?
Халықаралық тәжірибені зерделей келе, ғалымдар әліпби жобасының 1991 жылы Ыстамбұлда өткен «Қазіргі түркі әліпбиі» атты халықаралық симпозиумда ұсынылған Ортақ түркі әліпбиінің таңбаларына сәйкес келуіне мән берді. Мысалы, әліпби жобасында «Ы ы» әрпін «I ı» таңбасымен беру ұсынылып отыр.
- Бұған дейін жаңа әліпбидің бірнеше жобасымен таныстық. Онда кейбір әріптер ноқатпен жазылатынын көрдік. Осы нәрсе жазу-сызуда кедергі келтірмей ме?
Латын графикасына негізделген, жетілдірілген қазақ әліпбиі жобасындағы диакритикалық таңбалар әлемде кең таралған Android, iOS операциялық жүйелерінде бар екендігі анықталды. Сондықтан бұл тұрғыдан аса кедергі бола қоймайды деп ойлаймын.
- Сонымен, латын графикасына негізделген әліпби жобасы әзір бекітілген жоқ қой?
Иә, әзірге бұл жоба ғана. Жаңа әліпби жобасы әлі бекітілген жоқ. Дегенмен, болашақта халықтың жаңа әліпбиге көшуін жеңілдету үшін біраз іс-шаралар жасалуда. Мысалы, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты латын графикасына негізделген әліпби бойынша жұртшылықтың сауатты жазуын қамтамасыз ету мақсатында орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктердің, орфографиялық анықтамалықтың, т.б. қолжазбаларын әзірледі. Қазіргі кезде институт ғалымдары тарапынан қайта пысықтау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар қазіргі уақытта латын графикасына негізделген жетілдірілген қазақ әліпбиінің және емле ережесінің жобаларын қайта пысықтау жұмыстары жүргізілуде.
Әрі қарай ғалымдар емле ережесі жобасын қазақ тілінің үндестік заңымен, фонетикалық, морфологиялық ерекшеліктерімен, орыс тілімен қатар ағылшын, француз, түрік тілдеріне жүргізілген реформа тарихымен, сөзжасам принциптерімен салыстыра отырып, қайта зерделеп пысықтайтын болады.
Сондай-ақ ғалымдар тарапынан жаңа әліпбидің ғылыми-лингвистикалық базасы, атап айтқанда, емле анықтағышының және емле сөздігінің жобалары, жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілінің орфоэпиялық анықтағышы, жаңа ұлттық әліпбиде кірме терминдерді транслитерациялау және транскрипциялау анықтағышы, т.б. әзірленуде.
Ал мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың жаңа әліпби негізінде іс жүргізуге кезең-кезеңмен көшуі латын графикасына негізделген жетілдірілген әліпби мен емле ережелері тиісті нормативтік құқықтық актімен бекітілгеннен кейін жүзеге асырылады.