Дина Нұрпейісованың өмірі мен өнері туралы жеке энциклопедия жазылып жатыр
Қор басшысы Төлеген Қуанышев Дина Нұрпейісованың туған күніне орай қандай жұмыстар атқарылғаны туралы айтып өтті.
-->
Осыдан 68 жыл бұрын, яғни 1955 жылдың 31 қаңтары 94 жасқа қараған шақта Алматы қаласында қазақ халқы «Күй анасы» деп атаған, төл өнеріміз - күйдің мерейін өсіріп асқақтатқан, дүние жүзіне танытып, талай жүлделер мен мемлекеттің марапаттарына ие болған, өзінің шығарған «Әсем қоңыры» мен ұстазы Құрманғазының «Қайран шешем» күйін тартып жатып Дина Кенжеқызы Нұрпейісованың бұл паниден бақиға қайтқан күні.
Күйші шешеміздің дүлдүл күйшілігі мен өр мінезі домбыраның қос ішегіндей қатар өріліп, өнері мен өмірі бір-бірімен байланысып жататындығын шығарып тартқан күйлерінен байқауға болады.
Дина анамыз өзіне ғана жарасатын, қазақ әйеліне тән қайсарлық мінезімен, қазақи үлгіде басына таққан орамалымен, өзінің өнерімен, халық алдына шығу үлгісімен көпшіліктің есінде мәңгілік қалды.
Қазіргі кезде артында қалған мол рухани-мәдени мұрасы ұрпақтарына қызмет етіп, салып кеткен күйшілік мектебі еліміз бойынша күй өнерінің өрістеуіне үлкен оң ықпалын тигізуде.
Қор басшысы Төлеген Қуанышев Дина Нұрпейісованың туған күніне орай қандай жұмыстар атқарылғаны туралы айтып өтті.
Дина Кенжеқызы Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толуы қарсаңында 2021 жылдың 3 шілдесінде, яғни, «Домбыра күні» «Күй анасы» атауымен Республикалық қор ашылды. Бұл қоғамдық қор елордамыз Астана қаласының төрінен күй анасына арнап еңселі ескерткіш бой көтеруіне бастамашы болды. Ал өткен жылы ескерткіш жанынан «Қазақ елінің күйшілері мен күйші-композиторлары» атауымен аллея ашылып, қазақ елін өздерінің күйшілік өнерімен танытқан 101 күйшінің есімдері мәрмәр тасқа қашалып, жазылған естелік тас бой көтерді. Еліміз бойынша 800-ден астам мәдени-іс шаралар ұйымдастырылып өткізілді. Профессор К.Сахабаеваның «Әсемқоңыр», профессор Т.Қуанышевтің «Күй анасы», Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі А.Үлкенбаеваның «Дина Нұрпейісова» атты еңбектері жарық көрді. «Дина. Күй күдірет» атты 2 сериялы көркем фильм түсіріліп, көрерменнің жоғары бағасына ие болды. Сценарий авторы С.Қасымбек, продюсері Н.Паттеев болды. Дина Нұрпейісованың өмірі, өнері, ортасы мен тегін қамтитын ғылыми-танымдылық негізде жеке энциклопедия жазылуда.