Мәдениет

177 жүлде: Қазақстандық кино әлемдік экрандарды бағындырып жатыр

Отандық туындылар 300-ден аса халықаралық кинофестивальге қатысып, 177 жүлде иеленді. 2020-2025 жылдар аралығында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы түрлі жанрдағы 119 киножобаны жарыққа шығарды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұлттық киноны дамыту және халықаралық деңгейде ілгерілету жұмыстарын жалғастырып жатыр. Соңғы екі жылда үш питчинг (киножобаны қаржыландыруға ниетті инвесторларды тарту мақсатында өткізілетін визуалды таныстырылым) өткізіліп, оның нәтижесінде 57 жобаның 40-ы жас кинематографистердің қатысуымен жүзеге асырылуда», - делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, 2024 жылы конкурсқа іріктеу ережелері қайта қаралып, процесс ашық әрі тиімді болды. Басым тақырыптар белгіленіп, сценарий әзірлеу мерзімі қысқарды. Құжаттарды электронды түрде қабылдау енгізіліп, Сарапшылар кеңесінің дауыс беру механизмі жетілдірілді. Бұл өзгерістер қазақ тіліндегі сценарийлер үлесін 75 пайызға жеткізіп, режиссерлердің қатысуын арттырды.

«Qaitadan» фильмі мемлекеттік қолдау алып, отандық прокатта 1 миллиард теңгеден аса касса жинап, маңызды жетістікке жеткен. Фильм мемлекеттік инвестицияларды бес есе қайтарып, мемлекеттік қолдау механизмдерінің тиімділігін дәлелдеді.

2025 жылы жаңадан талантты актерлерді, әсіресе, өңірлерден іздеу және қолдау мақсатында «JARQYRA» республикалық кастингі басталды. Бұл жоба арқылы жас әртістер өздерін танытып, ұлттық кинематографияға қосылу мүмкіндігіне ие болды.

«Қазақ киносының онкүндігі» акциясы аясында отандық фильмдердің көрсетілімі Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында өткізілді.

Отандық фильмдер көрерменге қолжетімді бола түсті. Қазір олар тек кинотеатрларда ғана емес, онлайн платформаларда да көрсетіледі. «Кинопоиск» платформасымен бірлесіп, 17 қазақстандық фильмнен тұратын арнайы жинақ дайындалды. Оған «Патриоттар уақыты», «Каникулы off-line 2», «Дос-Мұқасан», «Қажымұқан» және басқа да туындылар кіреді. Бұл іс-шара қазақстандық кинематографияның танымалдылығын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Қазақстандық кино өнері халықаралық деңгейде тұрақты орын ала бастады. Соңғы 30 жыл ішінде алғаш рет еліміз Канн кинофестивалі аясындағы ірі Marché du Film кинонарығына қатысып, KazakhCinema ұлттық стенді арқылы отандық жобаларды дамытуға маңызды мүмкіндік туғызды.

Канн қаласында Франция мен Грузияның ұлттық киноорталықтарымен меморандумдарға қол қойылды. Ал Ақтауда Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстанның киноұйымдарымен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды.

Халықаралық жобалар қатарында Локарно мен Пусан фестивальдерінде ұсынылған «Сказка о морских псах» атты деректі фильм және «Победителей видно на старте» атты бірлескен фильм бар.

Қазақстандық кино өнері жаңа белестерді бағындыра отырып, отандық және шетелдік көрерменге сенімді түрде жол табуда.