Оппозициядағы Әбділдинге қызметінен қорықпай көмектескен әкім кім?
Өмірде азаматтық арын мансаптан биік қойған азаматтар бар. Соның бірі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков еді.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып, мемлекеттің іртетасы саналған маңызды заңдарды қабылдаттырған және оған өзі қол қойған, кейін Астанада парламент депутаты ретінде халықтың қамын ойлап, қаймықпай сөйлеген Серікболсын Әбділдин туралы талай жыл билік тіл қатпай келді. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазан Республика күні мерекесіне қатысты салтанатты жиын кезінде Тәуелсіздікті қалыптастыруға зор үлес қосқан тұлғалардың арасында Ерік Асанбаев пен Серікболсын Әбділдиннің аттарын атады. Осылайша бір кездегі Шәкәрім мен Мағжандардың халқына қайтып оралғаны сияқты мына екі тұлға туралы ресми ақпарат құралдарында еркін естелік айту мүмкін болды.
Не керек, Серікболсын Әбділдин басқарған Жоғарғы Кеңес айла һәм аярлық арқылы ыдыратылған соң сол кездегі биліктің шексіз құзіретке ұмтылуы қадам-қадаммен жүргізіле бастады. Оны әшкере етуге тырысқан оппозицияның үні барынша тұншықтырылды. Секең не президенттікке, не партиясы арқылы парламентке сайлауға түскен сайын сол кездегі барлық сатыдағы атқарушы билік кедергі жасауға тырысты. Ашық құжаты шықпаса да астыртын нұсқаудың бәрі осы бағытта болғаны анық.
Міне, осындай кезде оппозициядағы Серікболсын Әбділдинге көмектесіп, кісілік танытқан бір әкім бар. Бүгінгі әңгіме сол тұлға туралы.
Ол кезде әлі тарқамаған Семей облысындағы Таскескен ауданын Тұрсынғазы Мүсәпірбеков басқарған. Өзі республикадағы ең жас аудан әкімінің бірі еді.
Осы қамқорлықтың бәрін естіп-білген Әбділдин қатты таң қалады.
-Қарағым Тұрсынғазы, өзің жас екенсің. Болашағың бар. Мен оппозицияда жүрген адаммын. Маған көмектескенің үшін қорықпайсың ба?- дейді. Ар жағында, көмейінде «ертең қызметіңнен алып тастаса қайтесің» деген сұрақ пен «обалыңа қалатын болдым-ау» деген уайым тұрған шығар.
-Аға, сіз мені ойламаңыз. Ал мен сізді ойлауым керек. Өйткені, елге келіп жатырсыз,- депті сонда жас әкім.
Оның сөзіне де, ісіне де Серікболсын Әбділдин қатты риза болыпты. Кешікпей серігі екеуі сауығып шығып, Алматыға аман-сау аттанған.
Сол Мүсәпірбековке Өскемен қаласында найзағай түсіп қаза тапқанда Серікболсын Әбділдин қаралы шаңыраққа арнайы өз атынан кісі жіберген. Онда жолға шығуға денсаулығы келмей жүр екен. «Адамгершілігі зор азамат еді» депті Секеңнің атынан көңіл айтуға жіберген кісісі.
Топырағы торқа болғыр екеуінің де адамгершілігі зор болғанын өмірлеріндегі осы мысал дәлелдері даусыз.
Қайнар ОЛЖАЙ
-->Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып, мемлекеттің іртетасы саналған маңызды заңдарды қабылдаттырған және оған өзі қол қойған, кейін Астанада парламент депутаты ретінде халықтың қамын ойлап, қаймықпай сөйлеген Серікболсын Әбділдин туралы талай жыл билік тіл қатпай келді. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазан Республика күні мерекесіне қатысты салтанатты жиын кезінде Тәуелсіздікті қалыптастыруға зор үлес қосқан тұлғалардың арасында Ерік Асанбаев пен Серікболсын Әбділдиннің аттарын атады. Осылайша бір кездегі Шәкәрім мен Мағжандардың халқына қайтып оралғаны сияқты мына екі тұлға туралы ресми ақпарат құралдарында еркін естелік айту мүмкін болды.
Не керек, Серікболсын Әбділдин басқарған Жоғарғы Кеңес айла һәм аярлық арқылы ыдыратылған соң сол кездегі биліктің шексіз құзіретке ұмтылуы қадам-қадаммен жүргізіле бастады. Оны әшкере етуге тырысқан оппозицияның үні барынша тұншықтырылды. Секең не президенттікке, не партиясы арқылы парламентке сайлауға түскен сайын сол кездегі барлық сатыдағы атқарушы билік кедергі жасауға тырысты. Ашық құжаты шықпаса да астыртын нұсқаудың бәрі осы бағытта болғаны анық.
Міне, осындай кезде оппозициядағы Серікболсын Әбділдинге көмектесіп, кісілік танытқан бір әкім бар. Бүгінгі әңгіме сол тұлға туралы.
Ол кезде әлі тарқамаған Семей облысындағы Таскескен ауданын Тұрсынғазы Мүсәпірбеков басқарған. Өзі республикадағы ең жас аудан әкімінің бірі еді.
1994 жылы тамыз айының соңында Аягөз бен Таскескен арасындағы 92-шақырымда автомобиль апаты болды. Оқыс жағдайға ұшыраған автокөлікте Серікболсын Әбділдин мен оның жақын серігі бар еді. Бұл апат әдейі ұйымдастырылды деуге негіз жоқ. Әрі тергеп-тексерілген құжаты да болмаған сияқты.
Сонымен ең жақын тұстағы Таскескендегі аудандық ауруханаға Серікболсын Әбділдин мен қасындағы серігі әкелінді. Серігі біршама жаралы болған, ал Секең жеңіл жарақаттанған екен.
Сол күні аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков ауруханаға арнайы келеді. Халдерін біліп, бас дәрігерге екеуін жеке палатаға жатқызуға тапсырма береді. Ол кісілерді емдеуге не керек, соны қарастырады. Ауылдық округ әкімдеріне күн сайын кезекпен ауруханаға ыстық ас жеткізіп тұруды жүктейді.
Осы қамқорлықтың бәрін естіп-білген Әбділдин қатты таң қалады.
-Қарағым Тұрсынғазы, өзің жас екенсің. Болашағың бар. Мен оппозицияда жүрген адаммын. Маған көмектескенің үшін қорықпайсың ба?- дейді. Ар жағында, көмейінде «ертең қызметіңнен алып тастаса қайтесің» деген сұрақ пен «обалыңа қалатын болдым-ау» деген уайым тұрған шығар.
-Аға, сіз мені ойламаңыз. Ал мен сізді ойлауым керек. Өйткені, елге келіп жатырсыз,- депті сонда жас әкім.
Оның сөзіне де, ісіне де Серікболсын Әбділдин қатты риза болыпты. Кешікпей серігі екеуі сауығып шығып, Алматыға аман-сау аттанған.
Келер жолы екеуі былай кездескен. Абайдың 150 жылдық тойында Қарауылдың іргесіндегі ақшаңқан қала іспетті орнай қалған ауылға Таскескен ауданы да үлкен ақ үй тігіп, қонақтарды әкімнің өзі бастап күтеді. Бір кезде оған хабаршы келіп, «Сізді Талдықорған облысының үйіне шақырып жатыр» дейді. Тұрсынғазы барса төрде Әбділдин отыр, шақыртқан сол кісі екен. Бүкіл қонақтардың алдында жас әкімді құрметтеп, өзіне жасаған көмегін айтып береді.